Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде өткен кездесуінде осы оқу ордасының студенті Айғаным Ғалымқызы жастардың белсенді, құқықтық сауатты болуының маңызына тоқталды.
«Егер қандай да бір әділетсіздікке, теңсіздікке тап болсаңыз немесе жалған ақпараттың құрбаны болсаңыз, құқығыңызды қорғай алатын, қолдайтын Конституцияның бар екеніне мен шын жүректен қуанамын.
Әрине, бәріміз Конституцияға және заңдарға жүгінуге міндеттіміз. Бірақ сол құқықтарды пайдалану үшін белгілі бір деңгейде құқықтық біліміміз де болуы қажет. «Бұл менің салам емес», «Маған қатысы жоқ» деп шетке шығу – немқұрайлылықтың белгісі. Меніңше, елдің болашағына бейжай қарауға болмайды. Болашақ жастардың қолында дегенді жиі айтамыз. Иә, болашақ расымен жастардың қолында. Бірақ ол – білімді, еңбекқор жастардың қолында.
Абай айтқандай, адам баласы адамнан ғылымымен, ақылымен, мінезімен озады. Ал басқа жолмен оздым деу – бос әурешілік», - деп түйіндеді ол.



