Ауданымыздың мәдени өмірінде көпшіліктің көңілінде қалып, ерекше әсер қалдырған акустикалық поэзия кеші өтті. Бұл жолғы басқосудың бағдарламасы да өзгерек еді. Шара көпшілік қауымға емес, расында қазақтың қасиетті өнері – қара өлеңді қадірлей білетін көрерменге арналып, жабық форматта өтті.
Орталық кітапхана төрінде ұйымдастырылған акустикалық кештің негізгі мақсаты – халықты мәдени кештерге шақыру, оның ішінде, поэзияға деген көзқарастарын өзгерту, өлең арқылы да рухани демалуға болатынын дәлелдеу еді. 4 адамнан құралған топ құрамында ауданның көркемсөз оқу шеберлері Ә.Аманжанұлы, П.Қанатов, А. Серікқызы мен Д.Ізбасаровалар бар. Бұл қатарды жанды дауыста ән шырқаған ауданның өнерпаз ұл-қыздары толықтырды. Әдеттегі концерттерден өзгеше бұл кеште қазақ поэзиясына, оның ішінде елімізге танымал ақындардың ата-ана, отбасы, адалдық, махаббат тақырыбындағы жырларына басымдық берілді. Атап айтсақ, жыр кешінде Ф.Оңғарсынова, Ж.Байбұланова, М.Шаханов, А.Елгезек, Е.Қайболдин, А.Табарак, А.Бақтыгереева, О.Отар, Н.Қашағанов, М.Айтбай, К.Ахметова сынды қазақтың біртуар қаламгерлерінің туындылары оқылып, көпшіліктің көңілінен шықты. 1 сағатқа созылған кеш бір демде өтіп, көрерменнің қошеметі сарқылмады. Шара соңында поэзия кешіне арнайы қатысып, жырсүйгіш жас буынның бұл бастамасына өз ойын білдірген Бүркіт Базарбаев:
- Бұл – жастардың өнерге, поэзияға деген қызығушылығын арттыратын өте жақсы бастама. Қазіргі таңда түрлі форматтағы мәдени шаралар көп болғанымен, өлең мен әуенді осындай жақын әрі еркін форматта тыңдау көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Әсіресе, қазақ ақындарының шығармаларын жастардың осылай насихаттауы көңіл қуантады. Мұндай кештер жалғасын тауып, тұрақты түрде ұйымдастырылса деген тілегім бар,-дейді өз сөзінде.
Расында, бұл кештің ерекшелігі де осында. Мұнда сахна мен көрерменнің арасы алшақ болған жоқ. Көркемсөз шеберлерінің орындауындағы өлеңдер мен әншілер үні әр тыңдарманға жетіп, қарапайым әрі жылы атмосфера қалыптасты. Кешке келген әр адам өзін үлкен концерттің көрермені емес, өнерді бірге бөлісіп отырған шағын ортаның бір мүшесіндей сезінді. Ал акустикалық кештің тағы бір артықшылығы – оның сахна дизайны еді. Толықтай қараңғы күйге енген кабинет іші майшамдар мен кітап сөрелеріне, бұдан бөлек ақ парақтарға толы безендірілді. Бұл жұмыстарды қоюшы суретші Қуаныш Шалабаев өз жауапкершілігіне алып, алақандай кабинет ішін ерекше орынға айналдырды.
Иә, қазақтың қара өлеңі – халықтың тарихын, болмысын, қуанышы мен мұңын бойына жинаған рухани мұра. Оны жаңа форматта ұсыну арқылы ұйымдастырушылар поэзияны тек кітап бетінде қалдырмай, бүгінгі көрерменнің ортасына алып келді. Әсіресе, мұндай бастаманың жастар тарапынан қолға алынуы қуантады. Қысқа ғана уақытқа созылғанымен, мазмұны терең кеш көрерменге жақсы көңіл күй, әсем әуен мен жүрекке жеткен жыр сыйлады. Ең бастысы, өнерді бағалайтын жандардың басын қосқан бұл кеш көпшіліктің бұдан кейін де сұранысқа ие болатынын аңғартты. Оған кеш аяқтала сала «келесі акустикалық поэзия кеші қашан?» деп шуласқан көрермендер сұрағы дәлел. Ал бұл сұраққа ұйымдастырушылар тосыла қоймады. Өйткені бұл кеш рухани кештердің тек бастамасы ғана еді.



