Балалардың терезеден құлауын шынымен кездейсоқ жағдай деуге бола ма? Мамандардың жауабы жоқ. Өйткені мұндай оқиғалардың дені техникалық ақаудан емес, қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болады. Жыл басынан бері аудан аумағында балалардың терезеден құлауының төрт фактісі тіркеліп отыр. Бұл – ресми статистика. Алайда оның артында әр отбасы бастан кешкен үрей, бір сәттік немқұрайлылықтың салдары жатыр.
Жуырда дәл осы қауіпті оқиғаның алдын алу мақсатында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі аудандық Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Профилактикалық шара барысында мамандар тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, балалардың терезеден құлауына әкелетін негізгі қауіп факторларын түсіндірді. Түсіндіру жұмыстары тек жадынама таратумен шектелмей, әр отбасының күнделікті өмірінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптарын еске салуға бағытталды. Көпқабатты тұрғын үйлерді аралаған төтенше жағдайлар қызметінің мамандары ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмаудың маңызын айтып, терезе маңына жиһаз қоймау, москит торына сенім артпау және терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату қажеттігін түсіндірді. Шара соңында тұрғындарға қауіпсіздік шаралары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылып, мамандар олардың сауалдарына жауап берді. Белгілі болғандай, 2 және 5 жас аралығындағы балалар терезеден құлау оқиғаларына жиі ұшырайды. Себебі бұл жастағы бүлдіршіндер қоршаған ортаны қызығушылықпен зерттегенімен, өз әрекетінің салдарын толық түсіне бермейді.
- Жыл басынан бері ауданымызда балалардың терезеден құлауының төрт фактісі тіркелді. Әрбір оқиға біз үшін маңызды бақылауда. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін ата-аналардың сақтығы мен жауапкершілігі ерекше маңызды. Балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату және қауіпсіздік талаптарын сақтау – ең тиімді шаралардың бірі,-дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Нұрсәт Хаберов.
Маманның айтуынша, ата-аналардың жиі жіберетін қателігінің бірі – масадан қорғайтын торды қорғаныс құралы деп ойлауы. Шын мәнінде, мұндай тор тек жәндіктерден қорғауға арналған және баланың салмағына есептелмеген. Бала оған сүйенген сәтте тор жақтауымен бірге сыртқа шығып кетуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік талаптары арнайы қорғаныс құрылғыларын пайдалануды талап етеді. Профилактикалық рейд барысында тұрғындардың қауіпсіздік мәселесіне қызығушылығы байқалды. Кейбірі арнайы терезе құлыптарын қайдан алуға болатынын сұраса, енді бірі мұндай құрылғылардың тиімділігі жөнінде мамандардан кеңес алды. Еріктілер әрбір сұраққа жауап беріп, балалар қауіпсіздігіне қатысты қажетті ақпаратпен бөлісті. Соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде балалардың терезеден құлау оқиғалары жаз мезгілінде жиілейтіні байқалып отыр. Бұған күннің жылынуы, терезелердің жиі ашық болуы және балалардың үйде көбірек уақыт өткізуі әсер етеді. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі жаз айларында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп келеді. Кейде біз байқамайтын, күнделікті тұрмыста елеусіз көрінетін ұсақ-түйек шаралардың өзі бала қауіпсіздігінде үлкен рөл атқарады. Терезеге қорғаныс құрылғысын орнату немесе жиһаздың орналасуына назар аудару қарапайым әрекет болғанымен, оның маңызы өте зор. Жүргізілген түсіндіру жұмыстары да осы мақсатты көздейді. Себебі тіркелген деректер – қауіптің әлі де өзекті екенін көрсететін нақты көрсеткіш. Ал оның қайталанбауы әрбір отбасының қауіпсіздікке деген көзқарасына байланысты.
А.Ерденқызы



