Бәйгетөбе ауылында 230 бала спортпен тұрақты айналысады

Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылында балалар мен жасөспірімдерді бұқаралық спортқа тарту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және спорттық қабілеттерін дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Осы мақсатта 2025 жылдың қараша айынан бері «Бәйгетөбе» спорт кешені жұмыс істеп келеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазір спорт кешенінде 230 бала тұрақты түрде жаттығады. Мұнда садақ ату, асық ату, бокс, дзюдо және баскетболдан спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Балалар өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай спорт түрін таңдап, жаттықтырушылармен тұрақты түрде дайындалады.

 

Спорт кешенінде 18 қызметкер еңбек етеді. Олар жас спортшылардың дене дайындығын жетілдірумен қатар, спортқа деген қызығушылығын арттырып, түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындайды.

 

– Кешенде жаттығатын жасөспірімдер облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәселен, дзюдодан Қазақстан чемпионатында спортшыларымыздың бірі алтын медаль жеңіп алды. Ал джиу-джитсудан жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында 57 келі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді, – деді Бәйгетөбе ауылдық округі бойынша балалар спорт мектебі ғимаратының меңгерушісі Ақмарал Қазиева.

 

Сонымен қатар спорт кешенінде жаттығатын жасөспірімдерден құралған Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шағын футбол командасы Қазақстан чемпионы атанды.

 

Бүгінде спорт кешенінде балалардың тұрақты жаттығуына қажетті жағдай жасалып, олардың спорттық шеберлігін шыңдауға басымдық беріліп отыр.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT