Шаңырақтың шаттығы – отбасының берекесінде, ал берекенің бастауы – өзара сыйластық пен сүйіспеншілікте.
Отбасы күні – осы қарапайым да қадірлі ұғымдардың мәнін еске салатын, ағайынның арасын жақындастырып, отбасылық құндылықтарға назар аударатын айтулы күн.
Осы орайда өңірдегі Салтанат сарайының алаңында «Бір шаңырақ – бір өнер» атты сазды концерт өтті. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы көркемөнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған ашық аспан астындағы кеште дәстүрлі өнерден бастап балалар шығармашылығы мен эстрадалық бағытқа дейінгі өнер үлгілері көрермен назарына ұсынылды.
Концерттің дәстүрлі өнерге арналған бөлімінде Сейілхан Құсайыновтың «Мереке», Құрманғазының «Балбырауын», Марат Бердіғұловтың «Шахристан» күйлері орындалды. Домбыраның қоңыр үніне «Халықтық» «Жұлдыз» би ансамблі мен өзге де өнерпаздардың орындауындағы шығармалар жалғасты.
Кештің балалар шығармашылығына арналған бөлімінде «Фантазия» вокалды студиясы мен «Халықтық» «Камелия» би ансамблі өнер көрсетті. Ән мен биге ұласқан балалардың өнері көрерменнің ықыласына бөленіп, концертке өзіндік өрнек қосты.
Сондай-ақ, эстрадалық бөлімде танымал әндер мен музыкалық шығармалар орындалып, «Көңілашар» әзіл-сықақ театрының қойылымдары ұсынылды. Әзіл мен әуезді ән қатар өрілген бағдарлама кештің мазмұнын толықтыра түсті.
Өнердің бірнеше бағытын бір арнаға тоғыстырған концерттің негізгі өзегі де отбасы құндылықтарымен сабақтасты. Үлкеннің өнегесі мен кішінің өнері қатар көрінген кеш ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың мәнін айшықтады



