Ауданда алғаш рет отбасылар мен әулет мүшелерін бір командаға біріктірген «Family quiz» атты отбасылық интеллектуалдық ойын ұйымдастырылды. Ерекше форматтағы куизге ауданның ауылдық округтері мен қаладан 11 команда қатысты. Әр команда бес адамнан жасақталып, ойын барысында біліммен қатар отбасылық бірлік пен өзара түсіністіктің де маңызы байқалды.
Отбасылық куиздің басты ерекшелігі де осында болды. Әдеттегі интеллектуалдық ойындардан өзгеше, бұл жолы бір үстелдің басында жұбайлар балаларымен, ата-әже немерелерімен, апа мен іні, аға мен қарындасы бірге отырды. Бір сұраққа жауап іздеп, ақылдасып, бір-бірінің ойын толықтырып отырған отбасылардың көрінісі шараның өзіне ерекше жылылық берді. Кейде үлкендер білмеген сұрақтың жауабын бала тауып, кей жағдайда керісінше үлкендердің өмірлік тәжірибесі командаға көмектесті. Осылайша ойын тек білім сайысы емес, отбасы мүшелерінің бір-бірін тыңдап, бірге шешім қабылдауына мүмкіндік беретін ортаға айналды. 6 кезеңнен тұрған ойынның әр бөлімі өзіндік мазмұнымен ерекшеленді. Сұрақтар арнайы отбасылық аудиторияға лайықталып құрастырылған. Оның ішінде ересектерге ойлануға мүмкіндік беретін күрделі сұрақтармен қатар, кішкентай қатысушылардың да жауап табуына ыңғайлы тапсырмалар болды. Сондықтан ойын барысында отбасының әр мүшесінің өз үлесін қосуына мүмкіндік жасалды.
Ойынды ұйымдастырып, сұрақтарын әзірлеген мәдениет үйінің қызметкері Бибігүл Төлегенова шараның негізгі мақсаты отбасыларды интеллектуалдық ойын арқылы жақындастыру болғанын айтады.
- Бұл ойынды ұйымдастырғанда ең алдымен отбасының барлық мүшесі бірге ойнай алатындай формат жасауды көздедік. Кейбір сұрақтарға ата-әже жақсы жауап берсе, енді біріне балалардың тапқырлығы көмектесті. Біз үшін ең маңыздысы жеңімпазды анықтау ғана емес, отбасы мүшелерінің бір үстел басында отырып, бірге жауап іздегені. Алғашқы рет өткізіліп отырғандықтан, қатысушылардың қызығушылығы біз үшін үлкен көрсеткіш,-дейді Б.Төлегенова.
Шара барысында мұны қатысушылардың өздері де сезінді. Бесінші сыныпта оқитын Мейірбек Аманжан «Амандықовтар отбасы» командасының құрамында ойнап, үлкендермен бірге сұрақтарға жауап іздеді.
- Маған куиз ұнады. Біз отбасымызбен бірге отырдық. Кейбір сұрақтарға мен де жауап бердім. Кейбірін үлкендер тапты. Бірге ойнаған қызық болды. Келесі жолы тағы қатысқым келеді,-дейді Мейірбек.
Жарыс қорытындысында «Бике» командасы, «Мизамбай әулеті» және «Амандықовтар отбасы» жүлделі орындарға ие болды. Үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталып, осылайша аудандағы алғашқы отбасылық куиз өз мәресіне жетті.
Бұл кештің басты жеңісі жүлде алған командалармен ғана өлшенген жоқ. Бір үстелдің басында бір-біріне көмектесіп, бірге қуанып, бірге қателескен он бір отбасының көрінісі отбасылық ойынның негізгі мәнін көрсетті. Өйткені интеллектуалдық сайыста дұрыс жауапты бір адам тапқанымен, отбасылық құндылықта маңыздысы сол жауапты бірге іздеу.
Ә.Қази



