БІЛІМНЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕГЕ

Азаматтық қоғамды дамыту, жастардың әлеуетін арттыру, үкіметтік емес ұйымдардың институционалдық дамуын қолдау және волонтерлік қозғалысты дамыту бағытында «Qabilet» қоғамдық қоры жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

Бүгінде қор білім беру, әлеуметтік және қоғамдық жобалар арқылы белсенді азаматтардың кәсіби әрі тұлғалық дамуына жағдай жасап, әлеуметтік бастамаларды қолдауға үлес қосуда.

Қордың бастамасымен және «Теңізшевройл» компаниясының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылған «Qabilet КЕҰ қауымдастығы» жобасының негізгі мақсаты – Атырау облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру, жаңа КЕҰ құруға ниетті азаматтарды қолдау және азаматтық белсенділікті дамыту. Жоба «Qabilet Start», «Qabilet Pro» және «Qabilet Volunteers» атты үш негізгі бағытты қамтыды. «Qabilet Start» жаңадан құрылатын немесе даму кезеңіндегі қоғамдық ұйымдарға әлеуметтік жоба әзірлеу, гранттық өтінім жазу, ұйымның миссиясы мен стратегиясын қалыптастыруды үйретсе, «Qabilet Pro» жұмыс істеп тұрған КЕҰ-дардың кәсіби дамуына бағытталған. Ал «Qabilet Volunteers» жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, көшбасшылық қабілетін арттырып, волонтерлік бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Qabilet Volunteers» бағыты бойынша қатысушылар бірнеше оқытудан өткен қатысушылар бүгінде алған білімдерін тәжірибеде қолданып, түрлі әлеуметтік және волонтерлік шаралар ұйымдастырып жүр. Мәселен, жоба қатысушысы Исламбек Әлмұханов облыстық Ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған «Сенің бастамаң» гранттық байқауында өз жобасын ұсынып, 300 000 теңге грант иеленді. Сонымен қатар қатысушылар аудандық Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен алғашқы «IDEATHON ЖЫЛЫОЙ» аудандық әлеуметтік идеялар хакатонына қатысып, 100 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Жобаның тағы бір маңызды нәтижесі – «Qabilet Start» бағдарламасына қатысушылардың гранттық байқаулардағы жетістіктері. Атырау және Құлсары қалаларында білім алған қатысушылар әлеуметтік жобаларды әзірлеу, бюджет құру, гранттық өтінім жинақтауды. Бағдарлама қатысушысы Талғат Жұмағалиев «Ұлттық спорт – төн мүмкіндігі» жобасымен «Qoldau» облыстық байқауында жеңімпаз атанып, 2 000 000 теңге грантқа ие болды. Ал Гүлфайруз Бекболатова «Jas-Damu» жобасын жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңге, Дәмелі Ибрайымқызы «Дәм әже мектебі» жобасы үшін 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай қолдау алды. Сондай-ақ Индира Құдайбергенова «Біз біргеміз, біз ерекше әлембіз» жобасын жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңге грант иеленді. Бұл нәтижелер «Qabilet» қоры аясындағы оқытудың тек білім берумен шектелмей, қатысушылардың нақты жобалар жасап, оларды жүзеге асыруына жол ашып отырғанының айқын көрінісі.

Алдағы жоспарда «Qabilet КЕҰ» қауымдастығының «Qabilet Pro» бағдарламасы бойынша оқытулары басталады. Қазіргі таңда бағдарлама жүйесі құрастырылып, сайт әзірленуде. Сонымен қатар КЕҰ өкілдеріне қажетті ақпаратты қамтитын таратпа материалдар дайындалуда. Бұл жұмыстар қауымдастық мүшелерінің кәсіби дамуына, өзара тәжірибе алмасуына және қажетті ресурстарға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Өз тілшіміз

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT