АСТАНА. KAZINFORM — 12 тамыз — Халықаралық жастар күні. Бүгінде әлемде 15–24 жас аралығындағы 1,3 миллиард жас өмір сүреді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, бұл — адамзат тарихындағы жастар саны ең көп кезең.
Ал Қазақстанда 14–35 жас аралығындағы 6 млн 192 мыңға жуық жас бар. Бұл — мектеп оқушысынан бастап жас ғалым, IT маманы, кәсіпкер мен мемлекеттік қызметшіге дейінгі кең әлеуметтік топ.
Білімге ұмтылыс, жаңа технологияларды меңгеру және тың идеялар — бүгінгі жастардың басты ерекшелігі. Дегенмен олардың саяси және қоғамдық өмірдегі рөлі, білім алуы мен кәсіби дамуы туралы сөз болғанда, көбіне Еуропа елдері мен АҚШ-тың тәжірибесі мысалға алынады.
Ал Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толған Қазақстан жастарының бүгінгі бет-бейнесі қандай? Олардың басты жетістіктері мен өзекті мәселелері қандай? Жастардың мемлекет пен қоғам өміріндегі рөлі қандай? Kazinform тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп, мәселені жан-жақты зерттеп көрді.
Білім — жастардың басты капиталы
Шоқан Уәлиханов айтқандай, халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет. Бүгінде ел жастарының басым бөлігі білімге құштар. Олар жастайынан сапалы білім алып, үздік жоғары оқу орнына түсуді мақсат етеді.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мәліметінше, биыл білімді өмірдегі негізгі құндылықтардың бірі санайтын жастардың үлесі 13,8 пайыздан 23,7 пайызға дейін өскен.



