Құлсары қаласына биыл 25 жыл. 2001 жылғы 22 қыркүйекте аудандық маңызы бар қала санатына енген қаламыз содан бері Жылыой ауданының ғана емес, Атырау өңірінің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігінде өзіндік орны бар шаһарға айналды. Ширек ғасыр – қала тарихы үшін аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде Құлсарының аумағы кеңейіп, жаңа ықшам аудандары бой көтерді, әлеуметтік нысандары мен инженерлік инфрақұрылымы дамыды. Мұнайлы өлкенің өндірістік әлеуетімен бірге қаланың келбеті де өзгерді. Осы орайда Құлсары қаласы әкімі Қадыржан Адиновпен шаһардың ширек ғасырда жүріп өткен жолы, қала тарихындағы маңызды кезеңдер, бүгінгі тынысы, тұрғындардың тұрмыс сапасы және алдағы 25 жылға арналған жоспарлар туралы әңгімелескен едік.
-Қадыржан Аманкелдіұлы, өзіңізге мәлім, биыл қаламыз 25-ші асуына шықты. 25 жылда қала қалай өзгерді, өткені мен бүгініне тоқталсаңыз.
-Иә, Құлсары қаласының 25 жылдығы – қаланың осы уақыт ішінде қалай өзгергенін бағалайтын маңызды белес. 25 жылда қаланың аумағы кеңейді, жаңа ықшам аудандар мен көшелер пайда болды. Тұрғын үй құрылысы жүріп, жол, ауыз су, газ, электр және басқа да инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамыды. Мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары салынды. Бүгінде алдымызда жолдарды толық жаңарту, кәріз жүйесін дамыту, көше жарығын кеңейту, абаттандыру сияқты нақты міндеттер тұр. Сондықтан 25 жылдықты тек қорытынды емес, Құлсары дамуының келесі кезеңінің бастауы деп қараймыз.
-Қаламыздың 25 жыл ішіндегі ең елеулі оқиғалары қандай? «Құлсары» дегенде ең бірінші ойға не оралады?
-Құлсарының 25 жылдық тарихындағы басты өзгеріс – қаланың аумағы мен инфрақұрылымының кеңеюі. Жаңа тұрғын аудандар игерілді, әлеуметтік нысандар салынды, жол және инженерлік желілер дамыды. Ал қала тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – өздеріңіз де жақсы білетіндей, 2024 жылғы су тасқыны. Сол кезде Құлсары халқының ұйымшылдығын көрдік. Қала тұрғындары бір-біріне көмектесіп, қиындықты бірге еңсерді. Сондықтан мен үшін Құлсары – ең алдымен мұнайлы өлкенің ғана емес, еңбекпен қалыптасқан қаланың тарихы. Оның бүгінгі келбетінің артында бірнеше буын құлсарылықтардың еңбегі тұр. Сондықтан 25 жылдық тарихқа көз жүгіртсек, мен Құлсарының ең үлкен жетістігі деп оның өсіп, өзгеріп, жаңаруын ғана емес, қандай кезеңде де өз болмысын сақтап қалғанын айта аламын. Құлсарының тарихы – бұл ең алдымен оның адамдарының тарихы. Ал қаланың ертеңін де қалыптастыратын сол адамдардың еңбегі мен бірлігі.
-25 жыл ішінде Құлсарының инфрақұрылымы, тұрғын үй қоры, көшелері мен әлеуметтік нысандары қалай өзгерді? Қазір қалада қанша тұрғын бар және қандай өзгерістер, жоспарлар бар?
- Бүгінде қалада 14 688 тұрғын үй бар. Бұдан бөлек 13 мектеп, 17 балабақша, 18 бюджеттік ұйым жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласында аудандық аурухана, емхана бөлімі және екі емхана филиалы халыққа қызмет көрсетеді. Қала ауыз су, газ және электр желілерімен 100 пайыз қамтылған. Құлсарыдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 416 шақырымды құрайды. Оның 337,8 шақырымы, яғни 81,4 пайызы тас жолмен қамтамасыз етілген. Қазір кәріз жүйесін жаңғырту, су тазарту станциясын салу және көше жарығын кеңейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. 2022–2025 жылдары 900 пәтерлік үш көпқабатты үй салынды. 18 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтті, тағы 7 үйге жөндеу жүргізілуде. 2025 жылы қалаға 185,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ қаламызда 5 225 кәсіпкер тіркелген. Соңғы екі жылда 438 азамат 14 млрд теңге көлеміндегі несие арқылы кәсіп бастауға мүмкіндік алды. Яғни алдағы негізгі міндет – инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мен жолдардың сапасын жақсарту жұмыстарын жалғастыру.
- Қазіргі таңда жергілікті халықтың тұрмыс сапасының ілгерілеуі үшін, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Қазір тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық беріп отырмыз. Олар – жол, көше жарығы, санитарлық тазалық, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және инженерлік желілердің жағдайы. Бұл бағыттар күнделікті тұрмыста бірден сезілетін мәселелер болғандықтан, оларды шешу жұмыстары үнемі назарымызда. Тұрғындардан түскен өтініштер де осы жұмыстарды жоспарлау кезінде ескеріледі. Көшелерді аралап, тұрғындармен кездесулер өткізу барысында айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер тиісті жұмыстардың жоспарына енгізіледі. Көтерілген мәселені тек тіркеп қою емес, оның орындалуын бақылау маңызды. Бұл тұста қауіпсіздік мәселесі де маңызды. Көшелердің жарықтандырылуы, жолдардың жағдайы, жаяу жүргіншілер үшін қолайлы орта қалыптастыру – тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін факторлар. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жалғастыратын боламыз.
- Өңір тынысында қаламыздың алар орны қандай?
-Құлсарының ерекшелігі – оның өндірістік әлеуеті мен еңбекпен қалыптасқан тарихында. Қала Жылыой ауданының және жалпы мұнайлы өңірдің маңызды орталықтарының бірі. Мұнда бірнеше буын мұнай-газ саласында еңбек етіп, қаланың қалыптасуына үлес қосты. Сондықтан Құлсарының тарихын мұнай-газ саласының даму тарихынан бөле-жара қарау қиын. Бірақ Құлсарыны тек өндірістік қаламен шектеуге болмайды. Бұл өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі, қалыптасқан қоғамдық ортасы бар, тұрғындары туған жерінің тағдырына бейжай қарамайтын қала. Мұнда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, қиындықта бір-біріне сүйеу болу секілді құндылықтар жақсы сақталған. Бүгінде Құлсарыда өндіріс пен кәсіпкерлік қатар дамып келеді. Қаланың экономикалық әлеуеті жаңа жұмыс орындарын ашуға, жастарға мүмкіндік беруге және шағын әрі орта бизнестің дамуына негіз бола алады. Ал бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – қаланың алдағы дамуы үшін маңызды. Сондықтан Құлсарының аймақ дамуында ерекше орын алатыны сөзсіз. Қала қанша өзгеріп, жаңарса да, оның негізінде тұрған басты құндылықтар – еңбек, туған жерге деген жауапкершілік және адамдар арасындағы өзара қолдау сияқты бағалы қасиеттер сақталуы керек.
-Бүгін Құлсарының 25 жылдығын атап өтіп отырмыз. Ал сіз қала әкімі ретінде Құлсарыны тағы 25 жылдан кейін қалай елестетесіз?
- Құлсарының инфрақұрылымы толық жаңарған қала болғанын қалаймын. Бірінші кезекте барлық жолдың сапалы болуы, кәріз және инженерлік желілер мәселесінің толық шешілуі, көше жарығы мен қоғамдық көлік жүйесінің дамуы маңызды. Қалада жасыл аймақтар, саябақтар, балалар және спорт алаңдары көбейіп, жаңа тұрғын аудандар қажетті әлеуметтік нысандармен бірге дамуы керек. Жастар білім алып, жұмыс немесе кәсіп іздеп міндетті түрде басқа қалаға кетпей, өз мүмкіндігін Құлсарыдан таба алатын жағдай қалыптасуы қажет. Құлсарының болашағы бүгін қабылданып жатқан шешімдерге байланысты. Сондықтан қазіргі міндетіміз – келесі 25 жылға қажет инфрақұрылымның негізін қазірден қалыптастыру.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Д.ДЕРБІС



