“Берекет” - бірлік пен татулықтың үлгісі

Нұрсая шағын ауданындағы «Берекет» тұрғын үй кешенінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Көктемнің шуақты мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл игі шара тұрғындарды бір алаңға жинап, береке-бірлік пен татулықтың жарқын көрінісіне айналды.

Мерекелік жиын кешен аумағындағы футбол алаңында өтті. Әсем безендірілген алаңға жиналған тұрғындардың жүзінен қуаныш пен шаттық сезіліп тұрды. Ұлттық нақыштағы әуендер шырқалып, мерекелік көңіл-күй әрбір жанға ерекше әсер сыйлады.

Шара барысында ұлттық ойындар ойнатылып, тұрғындар белсенділік танытты. Арқан тарту, асық ату сынды дәстүрлі ойындар үлкен-кішіге бірдей қызық болды. Расында бұл ата-баба салтын жаңғыртып, жас ұрпаққа насихаттаудың бір жолы екені анық.
Ақ дастархан жайылып, наурыз көже мен ұлттық тағамдар ұсынылды. Әсіресе, балаларға арналған тәттілер мен батут ерекше қуаныш сыйлады. Бүлдіршіндердің шат күлкісі мерекенің шырайын кіргізе түсті.
ОСИ төрайымы Ақнұр Иссабекова айтып өткеніндей, Наурыз мерекесі тұрғындарды бірлік пен татулыққа үндейді. 
— Құрметті тұрғындар! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жаңару мен жаңғырудың, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Осындай шуақты күні барлығымыздың бір алаңда бас қосып, қуанышымызды бөлісіп жатқанымыз – үлкен бақыт. «Берекет» тұрғын үй кешенінің атауына сай, әр шаңырақта береке мен бірлік орнасын деп тілеймін. Көршілерімізбен тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп жүрейік. Бүгінгі ұйымдастырылған шара мерекелік көңіл-күй сыйлап,  тұрғындар арасындағы ауызбіршілікті нығайтуға бағытталған игі бастама. Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық пен ырыс-береке тілеймін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! — деді ол.
Сондай-ақ, белсенділік танытқан тұрғындар мен өнер көрсеткен қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұл – қауымдастықтың бірлігі мен ұйымшылдығын арттыра түскен игі бастама болды.
-Наурыз – тек мереке ғана емес, жаңару мен жаңғырудың, мейірім мен татулықтың символы. «Берекет» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бұл күнді ерекше ықыласпен қарсы алып, көрші-қолаң арасындағы сыйластық пен бірлікті тағы бір мәрте нығайтты. Осындай игі шаралар көпшілікке қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы ауызбіршілікті арттыра түсетіні сөзсіз, - дейді кешен тұрғыны Альфия Әлдешова. 
Рита Өтеуғали

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT