БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Әз Наурыз – көктемнің жаңаруымен бірге келетін, табиғат пен тіршіліктің түлеп, адамзат баласының жаңа үмітпен қауышатын ұлы мерекесі. Бұл күн қазақ халқының арасында тек жыл басы ғана емес, татулық пен тазалықтың, мейірім мен ізгіліктің символы. Сондай-ақ ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани мұра, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі. Міне, осындай айтулы мейрам биыл Жылыой жерінде кеңінен тойланды. Қала көшелері ұлттық нақышта безендіріліп, жергілікті тұрғындар дәстүрлі үлгідегі киім түрлерін киіп, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін думанды күнді көпшілікпен бірге атап өтті.

Иә, кеңестік дәуірде бұл мерекені атап өтуге тыйым салынғаны белгілі. Алайда халқымыздың санасынан өшпеген әз Наурыз тәуелсіздік қарсаңында қайта жаңғырды. Осы тұста мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық құндылықтарды қайта түлету жолында үлкен еңбек сіңіріп, Наурыз мерекесінің ел ішінде 62 жылдан кейін қайта тойлануына бастамашы болды. Оның арқасында ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер жаңғырып, бүгінгі күні Наурыз қазақ халқының ең ұлы мейрамына айналды.

Бүгінде атаулы күн еліміздің әр өңірінде ерекше сән-салтанатпен атап өтіліп келеді. Соның бірі – өзіміздің Кең Жылыой мекені. Оған аудан жұртшылығының жылдан жылға әз Наурызды кең көлемде, мазмұнды түрде ұйымдастырып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуде айрықша белсенділік танытып келетінінен аңғаруға болады.

Биыл ауданда Ұлыстың ұлы күні ерекше мазмұнда және ауқымды деңгейде тойланды. Мерекелік шаралардың шымылдығы 14 наурыз – Көрісу күнінен бастау алып, ауылдық округтерде Наурызнама онкүндігі аясында түрлі мәдени жиындар мен тағылымды кештер ұйымдастырылды. Бұл шаралар халықтың бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Мереке қарсаңында аудан орталығы мен ықшам аудандарда қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп, қаламыздың басты көшелері ұлттық нақышта безендірілді. Ал мерекенің басты ерекшелігі, ол әрине, қаланың әр нүктесінде бой көтерген ақшаңқан киіз үйлер мен арнайы шатырлар болды. Жергілікті мекемелер мен кәсіпкерлердің қолдауымен ауданда жалпы саны 20-дан астам киіз үй құрылды. Атап айтқанда, орталық алаңда 13 киіз үй, орталық стадион маңында 4, «Теміржолшылар» ықшам ауданында 4 киіз үй бой көтерген еді. Сонымен қатар аудандық аурухана мен «Атамұра» мұражайы аумақтарында да киіз үйлер тігіліп, көпшілікке қызмет көрсетті. Бұл ретте «Теміржолшылар» ықшам ауданында тұрғындар кең дастарқан жайып, ұлттық ойындар ұйымдастырды. Балаларға арнайы базарлықтар таратылып, мереке шаттығы еселене түсті.

Ұлыстың ұлы күні мерекелік бағдарлама “Көш керуен” атты театрландырылған хореографиялық этно қойылыммен бастау алды. Бұл көрініс арқылы халқымыздың көне тұрмысы мен салт-дәстүрлері сахналанып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Шеруге ауданның білім, денсаулық, мәдениет саласына айрықша үлес қосып жүрген мұғалімдер, тәрбиешілер, дәрігерлер, жергілікті өнерпаздар, сондай-ақ ақжаулықты әжелер мен ардагерлер қатысты. Олар халқымыздың көне киім үлгісін дәріптеп, еліміздің көк байрағын көкте желбіретті. Одан кейін “Армысың, ата дәстүр – әз Наурыз” атты мәдени шара жалғасын тауып, ұлттық өнер мен руханияттың терең тамыры кеңінен насихатталды. Орталық алаңға құрылған 10-нан астам ақ боз үйдің әрқайсысында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, мәдениет саласы қызметкерлері халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал орталық стадион маңында ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда, қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту сынды дәстүрлі додаларда ауданның білекті де жүректі азаматтары бақ сынасып, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құраған тартысты додалардың бірі қазақ күресінен аудан тұрғыны Бекзат Шағатаев боз кілемде жауырыны тимей, бас жүлдені қанжығалады. Ал ІІ орынды Нұрболат Қалаубаев иемденіп, ІІІ орын Қайсар Табылдыға бұйырды. Бұл ретте топтық арқан тарту сайысында «Думан» ықшам ауданы тұрғындарынан құралған «Ардагерлер» командасы мықтылығын дәлелдеп, І орында иемденсе, ІІ және ІІІ орындарды аталмыш ықшам ауданның жастарынан құралған «Жастар» және Жем ауылы тұрғындарынан құралған «Тұрғызба» командасы иеленді. Ал 32 келілік гір тас көтеру кезеңінде Есен Артығалиев оқ бойы озық шығып, І орынды қанжығалады. Күміс және қола жүлделер Ерлан Шакишов пен Манас Қайырбайға бұйырды. Тартысты сайыс жөнінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Айдана Бақтиярова: - Биылғы Наурыз мерекесі аясында ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл ата-бабадан келе жатқан асыл мұрамызды насихаттаудың бір жолы. Жастардың белсенділігі жоғары, қатысушылар саны да жыл сайын артып келеді. Мұндай жарыстар өскелең ұрпақты шынықтырып қана қоймай, елдік рухты көтереді. Бұл тұста дәстүрлі додаларға демеуші болған AGI-CDCS Kazakhstan JV Арктик компаниясына және оның өкілі Азат Баяновқа зор алғысымызды білдіреміз,-дейді өз сөзінде.

Мереке қарсаңында жылыойлықтар ұлттық дәстүрді ұлықтап, қазақ халқының киім үлгілерін кеңінен насихаттады. Ақжаулықты әжелер жадағай, кимешек, камзол киіп, қазақ әйелінің келбетін айшықтап көрсетті. Солардың бірі зейнеткер Шынар Омарова мереке күні ақжарма тілегін білдіріп:

- Әз Наурыз – береке мен бірліктің, жаңару мен жақсылықтың бастауы. Бұл халқымыз үшін ең қасиетті, ең қастерлі мейрамдардың бірі. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен молшылық әкелсін. Ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын. Осындай мерекелер арқылы біз ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсетеміз. Бүгінгі жастардың ұлттық киімге, салт-дәстүрге деген қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Ұрпағымыз ұлттық құндылықтарды ұмытпай, ата жолын жалғастыра берсін,-деп жүрекжарды тілегін жеткізді. Бұдан бөлек мерекеде жастардың да қарасы көп болды. Бұл ұлттық мейрам мен көне әдеп-ғұрып, құндылықтарға деген құрметтің артып келе жатқанының айқын дәлелі. Бұл туралы Атырау қаласынан арнайы келген қала қонағы Айәсем Рүстемқызы:

- Мен Жылыойға туыстарыма жиі келіп тұрамын. Әсіресе Наурыз мерекесін осында қарсы алудың жөні бөлек. Биылғы мерекенің ауқымы кең, ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде өтті. Қала ерекше безендіріліп, ұлттық нақыш анық сезіліп тұр. Ең бастысы – жастардың белсенділігі қуантады. Олар ұлттық киім киіп, салт-дәстүрге қызығушылық танытып жүр. Бұл болашағымыздың берік екенін көрсетеді. Осындай мерекелер халықтың бірлігін арттырып, әр адамға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деп өз әсерімен бөлісті. Мерекелік шара барысында тұрғындар ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүр көріністерін тамашалады. Ал кешкі уақытта қала тұрғындары мен қонақтары үшін эстрада жұлдыздарының, атап айтқанда қазақ эстрадасында рухты әндерімен айрықша орын алатын «Алатау серілері», дарынды әнші Мәлік Жамбылұлы, сондай-ақ дәстүрлі әнші Бибігүл Сауытовалардың және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, думанды кеш отшашумен қорытындыланды.

Ауылдық округтердегі “Наурыз FEST”

Ұлыстың ұлы күні әз Наурызға арналған Наурызнама онкүндігі ұлттық болмысты айшықтап, ел бірлігі мен татулығын дәріптеген мазмұнды іс-шараларымен ерекшеленді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен “Наурыз FEST” фестивалі аясында әр ауылдық округ дәстүр мен жаңашылдықты үйлестірген тағылымды бастамаларды көпшілік назарына ұсынды.

Майкөмген ауылында Ұлттық киім күні өтіп, қазақы нақышта тігілген киімдер ерекше сән-салтанатымен көзге түсті. Бұл күні ауыл тұрғындары ата-бабадан мирас болған киім үлгілерін киіп, ұлттық нақышты дәріптеуге белсене атсалысты. Ауыл орталығында киіз үй тігіліп, көне жәдігерлерден құралған шағын көрме ұйымдастырылды. Ұлттық киім киген 150-ге жуық тұрғынның шеруі ауыл көркін айшықтап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар мерекелік бастама ағаш отырғызу акциясымен ұштасып, жаңару мен жаңғыру идеясын нақты істер арқылы көрсете білді.

Ұлттық спорт күні Ақкиізтоғай ауылдық округінде ұйымдастырылып, қазақтың дәстүрлі ойындарына деген қызығушылықты арттырды. Ауыл жастары мен ересектері қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру сияқты спорт түрлерінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Әсіресе, “Ақкиізтоғай барысы” спорттық ойындары тартысты бәсекеге ұласып, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталып, мерекелік шара ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен ұласты.

Қосшағыл ауылында мазмұнды мәдени бағдарлама Ынтымақ күні арқылы өрбіді. “Бірлік бар жерде береке бар” және “Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз” атты театрландырылған-хореографиялық қойылымдар қойылып, ұлттық салт-дәстүр кеңінен насихатталды. Аталмыш шараға түрлі этнос өкілдерінің қатысуы мерекенің маңызын арттыра түсті. Қырғыз, әзірбайжан, татар, өзбек, тәжік ұлттарының өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын ала келіп, киелі дастарханның берекесін еселеді, достық пен татулықтың нақты көрінісін көрсете білді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстарға да белсене қатысты.

Ұлыстың ұлы күні аудан орталығында өткен қорытынды гала-концертпен түйінделіп, Наурызнама онкүндігіне белсене қатысқан ауылдық округтер түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда “Мейірім мекені” - Жаңа Қаратон кенті, “Берекелі шаңырақ ордасы”- Жем, “Білекті де жүректі ауыл”- Ақкиізтоғай, “Бірлік пен береке мекені” - Қосшағыл, “Салт-дәстүр сабақтастығы” - Қара арна, “Дәстүр мен жаңару үйлесімі” - Майкөмген ауылдық округі атанды.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров өз сөзінде: 

- Наурыз – халқымыздың тамыры тереңнен бастау алатын төл мерекесі. Биылғы Наурызнама аясындағы іс-шаралар мазмұны жағынан да, ұйымдастырылу деңгейі тұрғысынан да ерекше болды. Әрбір ауыл ұлттық құндылықтарды ұлықтауда белсенділік танытып, бірліктің үлгісін көрсетті. Наурызнама онкүндігі ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени бастама ретінде мазмұны мен ауқымы жағынан ерекшеленіп, халық жадында қалды,-деп атап өтті.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

 А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT