Басты міндет – қауіпсіз қоғам қалыптастыру

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында құқық бұзушылық профилактикасы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және әлеуметтік мәселелер бойынша жергілікті ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Жиында аудан аумағындағы құқықтық тәртіпті сақтау, халық арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, алкоголь өнімдерін тұтыну деңгейін төмендету, масаң күйде жасалатын қылмыстардың жолын кесу, пробация есебіндегі азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізу, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен қаралды.

Комиссия отырысында алғашқы болып аудандық полиция басқармасының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Қандарбек Бақтыгереев баяндама жасап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жалпы аудан көлемінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірқатар кешенді профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Түнгі қала», «Балалар қауіпсіздігі», «Қауіпсіз жол» және басқа да жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, олардың барысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтарға бейім тұлғаларды анықтауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға басымдық берілуде.

Қоғамдық қауіпсіздікке әсер ететін негізгі мәселелердің бірі – алкоголь өнімдерін тұтыну және масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтар. Осыған байланысты полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін сататын нысандарға бақылау жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында тиісті шаралар қабылдауда. Қазіргі таңда аудан аумағында төрт алкомаркет жұмыс істейді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде олардың бірінің лицензиясынан айырылғаны анықталғанымен, аталған сауда нысаны басқа лицензия негізінде қызметін жалғастырып отырғаны айтылды. Бұл мәселе бойынша заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және бақылау шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді.

 Комиссия отырысында құқық бұзушылықтың алдын алуда медициналық және психологиялық көмектің маңызы да кеңінен сөз болды.

 Аудандық орталық аурухана басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Есенбаева денсаулық сақтау саласында құқық бұзушылық жасаған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы баяндады. Аудандық ауруханада заң бұзушылықтардың алдын алу және алдағы уақытта олардың қайталануына жол бермеу мақсатында психологтар тарапынан профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, тиісті шаралар қабылдануда. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға жеке және топтық психологиялық консультациялар ұйымдастырылып, олардың әлеуметтік ортаға қайта бейімделуіне қолдау көрсетіледі. Қажет болған жағдайда азаматтарға жұмысқа орналасу барысында қажетті медициналық көмек көрсетіліп, 075 нысанындағы медициналық анықтаманы алуына жәрдем беріледі. Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу да назардан тыс қалмайды.

 Жәбірленген әйелдерге қатысты аудандық отбасын қолдау орталығы мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау орталығының мамандарымен бірлескен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Анықталған тәуекел жағдайлары бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданып, қажет болған жағдайда азаматтарға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, әсіресе жас ұрпақтың бойына адалдық пен заңға құрмет құндылықтарын сіңіру мәселесіне ерекше мән берілді. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңызды бөлігі білім беру ұйымдарына тиесілі. Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлжансара Таңатарова білім беру саласында балалар арасындағы буллингтің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Қазіргі таңда ауданда 21 жалпы орта білім беретін мектеп, 27 балабақша, мектептен тыс төрт мекеме және №2 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында «Парасатты азамат», «Адал ұрпақ» клубтарының жұмысы ұйымдастырылған. Мектептерде сенім телефондары, «Ақша жинауға тыйым салынады» тақырыбындағы ақпараттық стендтер орналастырылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Call орталығының бірыңғай 1424 нөмірі көрсетілген ақпараттар ілінген. Білім алушылар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары пікірталас, дебат, нақты өмірлік жағдайларды талдау, кейстер мен рөлдік ойындар арқылы жүргізіледі. Бұл шаралардың мақсаты – балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, адалдықты күнделікті өмір салтына айналдыру. Сонымен бірге ата-аналар арасында заңсыз ақша жинауға жол бермеу, педагогтер мен қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Баяндамада мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың да маңызы атап өтілді. Аудандық білім бөлімі мен оған бағынысты ұйымдар 21 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айы аралығында 9713 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Балабақшаға қабылдау INDIGO автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асырылса, бірінші сыныпқа қабылдау электрондық форматта жүргізіледі. Педагогтерді аттестаттау мен жұмысқа қабылдау процестерінде де цифрлық платформалар пайдаланылуда. Осы бағыт бойынша да комиссия мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі, мектептердегі заңсыз ақша жинаудың алдын алу, ата-аналармен жүргізілетін түсіндіру жұмыстары және педагогтерді жұмысқа қабылдау кезіндегі ашықтық мәселелері қозғалды.

Жиынның тағы бір маңызды бағыты – кәсіптік білім беру саласындағы жұмыстар. Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Римма Қайраққалиқызы колледжде мамандар даярлау, өндірістік оқыту, кәсіптік практика және әлеуметтік серіктестермен бірлескен жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Колледждің 60 жылдан астам тарихы бар. Қазіргі таңда мұнда сегіз мамандық және 11 біліктілік бойынша білім алушылар кәсіби білім алуда. Оқу процесінде теориялық біліммен қатар өндірістік оқытуға, кәсіптік практикаға және дуальды оқыту элементтеріне басымдық берілуде. Жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылып, студенттердің өндірістік ортада тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасалуда. Колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бірқатар кәсіпорындар қолдау көрсетіп келеді. «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ қолдауымен мұнай саласына арналған оқу полигоны салынған. «Eurasia Support Services» (EUSS) ЖШС тарапынан «Слесарь ісі» және «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» кабинеттеріне жалпы құны 18 млн теңгені құрайтын 55 дана құрал-жабдық алынған. «Теңізшевройл» ЖШС колледжге 96 ноутбук пен үш компьютер берген. «Казкомсервис» ЖШС «Урал-4320» маркалы автокран техникасын ұсынған. Сонымен қатар «Еділ-Орал» ЖШС студенттердің өндірістік практикадан өтуіне жағдай жасап, оқу-жаттығу құралдарын қайта жаңғыртуға қолдау көрсетсе, «Жоларна» ЖШС әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 10 студентке ай сайын 40 мың теңге көлемінде стипендиялық көмек көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, колледждің электромонтаж шеберханасын дамытуға 3 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. «Өмірзақ сервис» ЖШС тарапынан студенттердің шығармашылық және тәрбие жұмыстарына қажетті музыкалық және техникалық құралдар берілген. Баяндамадан кейін комиссия мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, студенттердің өндірістік практикадан өтуі, жұмысқа орналасуы, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жастарға көрсетілетін көмек және кәсіпорындармен әріптестікті одан әрі дамыту мәселелері бойынша жауаптар алынды.

А.ЕРДЕНҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT