Бас жүлде –жерлесімізде!

Жуырда Атырауда Қазақстан Республикасының Халық әртісі, күйші-домбырашы Әзидолла Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» VII халықаралық жеке домбырашылар және үш ішекті халық аспаптарында орындаушылар күй байқауы өтті.

Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауға Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Түрікменстан мемлекеттерінен өнерпаздар қатысты. Екі күнге созылған өнер додасында қатысушылар қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, өзара бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде жерлесіміз Нұрдәулет Мұханбетжановқа бұйырды. Нұрдәулет бұл додаға қатысу көптен бергі арманы болғанын айтады. – Бұрын-соңды мұндай жарыстарға қатыспаған едім. Осы байқау туралы көріп, естіп жүріп, Атырау өңірінде өтетін болған соң қатысуды жөн көрдім. Дода барысында көбінесе Әзидолла ағайдың нұсқасындағы Құрманғазының күйлері орындалды. Олардың барлығы дерлік домбырашылардың күйшілік қабілетін ашатын керемет туындылар,-дейді ол. Марапаттау рәсімінде байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен сыйлықтар табысталып, өзге қатысушылар да алғыс хаттармен марапатталды. Салтанатты шара аясында гала-концерт ұйымдастырылып, өткен байқаулардың гран-при иегерлері мен биылғы дода жеңімпаздары өнер көрсетті. Ж.Нығмет

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT