Баланың жарқын болашағы үшін

№26 жалпы орта білім беретін мектепте «Жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Бала тәрбиесі, отбасы құндылығы мен ата-ана жауапкершілігін арттыруға бағытталған жиынға аудандық білім бөлімі басшысы Алмабек Абдолов, «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет және Атырау облысы Әкелер кеңесінің төрағасы Шота Қанатов арнайы шақырылып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиынға ата-аналардың көптеп қатысуы тақырыптың өзектілігін көрсетті. Басқосу барысында баланың білім алуы мен тәрбиесі, ата-ананың мектеппен тұрақты байланысы, отбасындағы қарым-қатынас, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және бала өміріне белсенді араласу мәселелері талқыланды. «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы:

- Қазіргі бала интернеттен көп ақпарат алады. Кей жағдайда олардың технологияны меңгеруі ата-анадан да жоғары болуы мүмкін. Сондықтан баланың интернеттегі қауіпсіздігін де назардан тыс қалдырмауымыз керек. Баланың алғашқы мұғалімі мектеп емес, оның ата-анасы. Ата-ана баласының қандай ақпарат тұтынып жүргеніне, интернетте кімдермен қарым-қатынас жасайтынына және қандай контент көретініне назар аударуы қажет. Ата-ананың балаға тек тыйым салумен шектелмей, интернет қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі маңызды. Жеке мәліметтерді қорғау, күмәнді ақпаратты ажырату, кибербуллинг пен онлайн қауіптерден сақтану да қазіргі тәрбие үдерісінің бір бөлігі. Сонымен қатар баланың дұрыс тамақтануы, денсаулығы, күн тәртібі мен психологиялық жағдайына көңіл бөлу қажет,-деді М.Айтмағанбет.

Жалпы жиналыста әкенің бала тәрбиесіндегі орнына да ерекше мән берілді. Әке – отбасының тірегі әрі балаға үлгі болатын тұлға. Оның еңбек, отбасы, үлкен мен кішіге деген қарым-қатынасы баланың дүниетанымы мен мінез-құлқына тікелей әсер етеді. Атырау облысында күні бүгінге дейін жүзеге асырылып келе жатқан «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасының авторы, Атырау облысы Әкелер кеңесінің төрағасы Шота Қанатов бұл бастаманың негізгі мақсаты ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, әке мен бала арасындағы байланысты күшейту екенін айтты.

Жобаның негізгі мақсаты – әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуына жағдай жасау және отбасы құндылықтарын дәріптеу. Жоба аясында әкелерді балаларымен бірге спортпен шұғылдану, кітап оқу, серуендеу, әңгімелесу және олардың қызығушылықтарына көңіл бөлуге ынталандыру көзделген. Ауданда «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасын қолға алу арқылы әкелер мен балалардың бірлескен спорттық, мәдени-танымдық және тәрбиелік іс-шараларын тұрақты ұйымдастыруға болады. Мәселен «Әкеммен бірге кітап оқимын», «Әкеммен бірге бір күн», «Әке өнегесі» секілді бағыттарда түрлі кездесулер мен байқаулар өткізуге мүмкіндік бар. Өздеріңізге мәлім, бүгінде ауданда Әкелер патрулі ғана жұмыс жасап келеді.

Жиын барысында жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау, ата-ананың бала тәрбиесіне ортақ жауапкершілігі және мектеппен тығыз байланыс орнату мәселелері де қозғалды. Себебі мұғалім баланың мектептегі жетістігі мен қарым-қатынасын жақсы білсе, ата-ана оның үйдегі көңіл күйі мен қызығушылығын жақсы біледі. Осы екі тараптың өзара байланысы балаға жан-жақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Бала бойындағы жақсы қасиеттер отбасындағы күнделікті қарым-қатынас пен ата-ананың өнегесі арқылы қалыптасады. Бұл баланы тыңдау, түсіну, қолдау және қажет кезде жанынан табылу. Әрбір ата-ана баласының білімді, тәрбиелі, қауіпсіз әрі бақытты болып өсуін қалайды. Ал осы мақсатқа жету үшін отбасы мен мектептің өзара түсіністігі мен бірлескен әрекеті маңызды. Осындай ашық кездесулер ата-ана мен білім саласы арасындағы байланысты нығайтып, өскелең ұрпақтың жарқын болашағына жол ашады.

А.ЕРДЕНҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT