Индер ауданында өздері тұратын ауланы тазалап, айналаның көрікті болуына үлес қосып жүрген балалардың әрекеті көпшіліктің көңілінен шықты.
Аудан әкімі Серік Нсанбаев әлеуметтік желіден балалардың тазалыққа қатысты бастамасын көріп, олармен кездесуді жөн көрген. Ол балаларды ата-аналарымен бірге қабылдап, туған жердің тазалығына жанашырлық танытқаны үшін алғыс хат табыстады.Балалардың өз ауласын таза ұстауға атсалысуы «Таза Қазақстан» бастамасымен үндеседі. Өйткені тазалық көшені немесе ауланы жинаудан ғана басталмайды. Ол әр адамның өз ортасына деген жауапкершілігінен көрінеді.
Кездесуде аудан әкімі балаларға алғыс айтып, олардың бойына осындай жақсы қасиет дарытқан ата-аналарына ризашылығын білдірді.
Туған жердің тазалығына кішкентайынан көңіл бөлген балалардың бұл ісі өзгелерге де үлгі болары сөзсіз.
Нұрайби БАЙНҰР
Индер ауданы




