Жуырда аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында жасөспірімдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету және қауіпсіз орта қалыптастыруға қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Отырыста ең алдымен білім алудан тыс қалған балалардың мәселесіне ерекше назар аударылды. №18 М.Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 5-сынып оқушысының жаңа оқу жылы басталғалы сабаққа қатыспау жағдайы талқыланды. Анықталғандай, отбасы Атырау қаласына қоныс аударған. Ата-анасы баласын басқа білім беру ұйымына орналастырғанымен, қызын тек қыз балалар білім алатын мектепке беруді көздеген. Алайда білім беру ұйымына қабылдау мәселесі шешілмегендіктен, оқушының оқу процесінен тыс қалып отырғаны белгілі болды. Комиссия мүшелері баланың қандай жағдай болса да білім алудан шет қалуына жол беруге болмайтынын атап өтті. Ата-ананың таңдауы ескерілгенімен, ең басты талап кәмелетке толмаған баланың міндетті орта білім алуын қамтамасыз ету екені түсіндірілді. Осыған байланысты оқушының оқуын жалғастыруына жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар айтылды.
Күн тәртібіндегі келесі өзекті мәселе - кәмелетке толмаған қыз баланың білім алуын жалғастыруын қамтамасыз ету. Жасөспірімнің ерте жүктілікке байланысты оқуын әрі қарай жалғастыру мәселесі көтерілді. Қазіргі уақытта Құлсары қаласында кешкі мектептің болмауына байланысты оқушының білім алуын үзбей жалғастыруына қолайлы жағдай жасау қажеттілігі туындады. Осыған орай комиссия мүшелері баланың білім алу құқығы қандай жағдайда да сақталуы тиіс екенін атап өтіп, оның Атырау қаласындағы кешкі мектепте оқуын жалғастыруы жөнінде шешім қабылдады. Комиссия тарапынан жасөспірімнің білім алу құқығы сақталуы және оның әрі қарайғы өміріне қатысты мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілуі қажеттігі баса айтылды. Сонымен қатар №8 жалпы орта білім беретін мектептің 2010 жылы туған оқушысына қатысты мәселе қаралды. Оқушы 1-2 қыркүйек күндері сабаққа себепсіз қатыспаған. Мектеп тарапынан ата-анасымен байланыс орнатылып, баланың сабаққа келмеу себебі анықталған. Белгілі болғандай, жазғы демалыс кезінде 4-ауыл мен 3-ықшам аудан жастары арасында жанжал орын алып, осы жағдайдан кейін оқушы мектепке барудан бас тартқан. Бұған дейін де жасөспірімнің төбелеске араласуына байланысты ата-анасына әкімшілік шара қолданылған. Комиссия отырысында аталған жағдайдың алдын алу және баланың білім алуын жалғастыруына мүмкіндік жасау жолдары талқыланды. Жасөспірімнің қазіргі білім алып жүрген ортасына қайта бейімделуі қиын болғандықтан, оны басқа білім беру ұйымына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл ретте баланың психологиялық жағдайын назардан тыс қалдырмай, жаңа ортаға бейімделуіне мектеп мамандары тарапынан қолдау көрсету қажеттігі айтылды.
Күн тәртібінде сондай-ақ негізгі мектепті 9-сыныпта аяқтаған, инклюзивті сыныпта білім алған түлекке қатысты мәселе көтерілді. Оқушының сабақ барысында ұзақ уақыт отыра алмауына байланысты қиындықтар ескеріліп, білімін Атырау қаласындағы кешкі мектепте жалғастыруға ниет білдіргені айтылды. Комиссия баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, білім алу құқығын қамтамасыз ету және оған қолайлы оқу формасын ұйымдастыру мәселесін қарастырды. Нәтижесінде оқушының кешкі мектепте оқуын жалғастыруына қажетті жағдай жасау жөнінде шешім қабылданды. Жиын барысында қаралған мәселелердің барлығының түйіні баланың білім алу құқығын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған жасөспірімді назардан тыс қалдырмау екені атап өтілді. Осыған орай білім беру ұйымдарына сабаққа қатыспай жүрген, әлеуметтік немесе психологиялық қиындықтарға тап болған балаларды ерте кезеңнен анықтап, олармен және ата-аналарымен кешенді жұмыс жүргізу тапсырылды. Сонымен бірге мектеп әкімшіліктері, психологтар, әлеуметтік педагогтер, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара байланысты одан әрі күшейту қажеттігі айтылды. Әсіресе балалар арасындағы жанжалдардың алдын алу, буллингке жол бермеу, қараусыздық фактілерін ерте анықтау, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстармен қатар, кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алуға ерекше мән беру қажеттігі атап өтілді. Бұл бағытта жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беру, олардың жас ерекшеліктеріне сай дұрыс түсінік қалыптастыру, қауіпсіздік пен жеке жауапкершілік мәселелерін ашық түсіндіру маңызды екені айтылды. Сонымен қатар мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтерге жасөспірімдермен сенімді қарым-қатынас орнатып, олармен осындай мәселелер бойынша жеке және топтық түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, ал ата-аналарға балаларымен ашық сөйлесіп, қажетті жағдайда мамандардың көмегіне жүгіну ұсынылды.
Отырыстың қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеліп, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде тиісті шешімдер қабылданды.



