Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өткізіліп, жасөспірімдер арасында орын алып отырған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиынға аудан әкімдігі өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру мекемелерінің басшылары, мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар және сала мамандары қатысты.
Комиссия отырысының басты мақсаты жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық тұрғыдан осал топтағы балаларды қолдау және білім беру ұйымдары мен жауапты мекемелер арасындағы өзара байланысты нығайту болып табылады. Сонымен қатар қазіргі таңда қоғамда алаңдаушылық туғызып отырған жасөспірімдер арасындағы буллинг, түнгі мезгілде қараусыз жүру, құқық бұзушылық пен суицидтің алдын алу мәселелері кеңінен сөз болды. Жиында алдымен аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Смадияр Құралбекұлы баяндама жасап, аудан көлеміндегі кәмелетке толмағандармен жасалған құқық бұзушылықтар бойынша нақты статистикалық мәліметтерге тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылдың 12 айында аудан бойынша барлығы 1252 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар ішкі істер органдарының есебіне 40 жасөспірім және жайсыз отбасы санатымен 63 отбасы алынған. Бұл көрсеткіштер жасөспірімдер тәрбиесіне тек мектеп пен құқық қорғау органдары ғана емес, ең алдымен ата-аналар жауапкершілікпен қарауы қажеттігін көрсетеді.
Жиында аудан аумағында жасөспірімдерге қатысты және олардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың әлі де өзекті мәселе болып отырғаны айтылды. Әсіресе, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүру, әлеуметтік желілердегі қауіпті контенттердің әсері, тәртіптің әлсіреуі сынды жағдайлар жасөспірімдердің қауіпсіздігіне кері ықпал етуде. Осыған байланысты жауапты мекемелер тарапынан профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді. Бүгінде аудан әкімінің жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия тарапынан тоқсан сайын құқық бұзушылық профилактикасы және өзге де маңызды мәселелер тұрақты түрде қаралып, тиісті шешімдер қабылданып келе жатқаны айтылды. Комиссия мүшелері әрбір білім беру ұйымында психологтар мен әлеуметтік педагогтардың жұмысын жандандыру, тәуекел тобындағы оқушылармен жеке жұмыстар жүргізу, ата-аналармен байланысты күшейту бағытында нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Иә, қазіргі таңда аудан көлемінде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ай сайын және апта сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тұрақты түрде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмау, түнгі уақытта жалғыз жібермеу, олардың кіммен араласатынын және немен айналысып жүргенін бақылау, күнделікті ұялы байланыс құралдары мен интернет желілерін тексеріп отыру қажеттігі ескертілуде. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарға аумақтық ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторлары белсенді түрде қатысып, тұрғындармен, ата-аналармен және білім беру ұйымдарымен бірлескен түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Жиын қорытындысында жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен тәрбиесі барша қоғамның ортақ міндеті екені айтылып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.
А.Талапкер




