Балалар ана өмірін сақтап қалды

Таяуда ғана ауданымыздағы «Атырау» ықшам ауданында орын алған оқиға жергілікті тұрғындарды алаңдатты. Құлсарыдағы көп қабатты тұрғын үйдің біріндегі пәтерде 47 жастағы әйел адам газ иісіне уланып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген еді. 

Оқиға орнына полиция қызметкерлерін балалары шақырған. Олар аналарының есік ашпағанына алаңдап, көмек сұрауға мәжбүр болған. Көршілердің айтуынша, бұған қоса пәтер ішінен газ иісі шыққан. Осы жайттан кейін жағдайдың күрделілігін түсінген тәртіп сақшылары дереу әрекет етіп, пәтер есігін бұзып кірді. Тексеру барысында оқиға болған пәтердің көп қабатты үйдің төртінші қабатында орналасқаны анықталды. Аудандық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, ас бөлмеде тұрған газ плитасының бұрандалары ашық күйде қалып қойған. Осылайша бұл жағдай пәтер ішінде газдың жиналуына, одан кейін үй ішінде жатқан әйел адамның ес-түссіз қалуына әкеп соқтырған.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, полицейлер уақытты жоғалтпай, жедел жәрдем келгенше әйел адамды өздері ауруханаға жеткізген. Сонымен қатар оқиға орнында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, газдың таралу қаупін болдырмау мақсатында газ авариялық қызметі шақыртылған. Пәтерде болған балалар да бұл уақытта қауіпсіз жерге уақытша орналастырылған. «Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде» дейді ол өз сөзінде. Ал аудандық орталық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

– Науқас ауруханаға жеткізілген сәтте жағдайы ауырлау, ес-түссіз күйде болды. Оған алдын ала «көмірқышқыл газынан улану» диагнозы қойылып, шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Кейін реаниматолог дәрігерлердің бақылауымен науқасқа оттегі беріліп, қажетті ем-дом шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 5–10 минут аралығында әйелдің жағдайы тұрақталып, есін жиды. Қосымша тексерулерден кейін оны стационарлық емге жатқызу қажеттілігі болмағандықтан тиісті ұсыныстар беріліп, үйіне жіберілді,-дейді науқастың жағдайымен бөлісіп. 

Мамандар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындарға газ құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, газ плитасын қараусыз қалдырмау, үйді тұрақты түрде желдетіп отыру және газ жабдықтарының жарамдылығын уақытылы тексеру аса маңызды. Бұл ретте ауданымызда биыл газдан улану дерегі алғаш рет тіркеліп отырғанын айта кетейік. Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT