Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік

Қазіргі таңда бала тәрбиесі мектеп пен ата-ананың, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігін талап ететін маңызды мәселе. Осы бағытта №8 жалпы орта білім беретін мектепте оқушылардың жан-жақты дамуы, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Жуырда ғана мектеп пен ата-ана арасындағы өзара түсіністік пен тығыз байланысты қалыптастыру мақсатында «Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік» тақырыбында ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды.

Жиналыста бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер ортаға салынып, ата-аналармен ашық пікір алмасу жүргізілді.

 Кездесу барысында оқушылардың сабаққа уақытылы келуі, мектеп формасын талапқа сай сақтауы, тәртіп пен жауапкершілік мәселелері талқыланып, бала тәрбиесінде ата-ананың қолдауы мен мектеп тарапынан жүргізілетін тәрбиелік жұмыстардың маңызына ерекше тоқталды. Сонымен қатар оқушының білім сапасы мен тәртібін қалыптастыруда ата-ана мен мектептің талаптары бірыңғай болуы қажеттігі айтылды. Мұндай кездесулер ата-ананың мектеп өміріне белсенді араласуына, ұстаздармен өзара пікір алмасуына, туындаған мәселелерді бірлесе шешуіне және балаға қойылатын талаптардың бірізді болуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұндай басқосулар бала тәрбиесіне деген ортақ жауапкершілікті сезіну, ата-ана мен ұстаз арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Жуырда мектепте оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған ерекше акция ұйымдастырылды. Таңертең білім ордасының табалдырығын аттаған оқушыларды жылы лебіздер мен ізгі тілектер арқылы қарсы алып, оларға жағымды көңіл күй қалыптастыруға көңіл бөлінді. Шара барысында отбасының адам өміріндегі маңызы, ата-анаға деген құрмет, отбасындағы мейірім мен өзара сыйластық құндылықтары дәріптелді. Оқушыларға арналған жылы сөздер мен жақсы тілектер олардың күнін жақсы көңіл күймен бастауына ықпал етеді. Мұндай қарапайым әрі әсерлі бастамалар мектептегі достық қарым-қатынасты нығайтып, оқушылар арасында мейірімділік пен ізеттілікті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мектеп қабырғасында ұйымдастырылып жатқан әрбір іс-шараның астарында үлкен тәрбие мәні жатыр. Ата-анамен бірлескен жұмыс, кітап оқуға баулу, отбасы құндылықтарын дәріптеу, оқушыға жылы қарым-қатынас қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру барлығы бір мақсатқа, яғни саналы, білімді, тәрбиелі әрі жауапкершілігі мол ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған. Өйткені баланың тұлға болып қалыптасуы ұзақ уақытты қамтитын күрделі үдеріс. Ол отбасындағы өнеге, мектептегі қарым-қатынас, қоршаған ортаның ықпалы және үлкендердің күнделікті үлгісінен қалыптасады. Сол себепті бала тәрбиесінде ата-ана мен мектептің бірлескен еңбегі ерекше рөл атқарады.

 С.Жұмағалиева, №8 жалпы орта білім беретін мектеп директоры

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT