Бала бақытынан шабыт алған

Әрбір үйдің еркесінің қас-қабағына қарап, ас-ауқатын аузына тосып, жағдайын жасайтын, олармен балаша сөйлесетін, солардың тілімен өмірге қадамды үйрететін ол – тәрбиеші. Ал осынау маман иесі көп жағдайда ескерусіз де қалып жатады. Тәрбиешілер және мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері күні қарсаңында осынау қызмет иесі туралы айтқанды жөн көрдік.

Біздің кейіпкер Гүлжанат Имашева бала тәрбиесімен айналысып келе жатқанына 12 жылға жуықтады. «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша жоғары білім алған ол тәрбиешілікті сол кезде жаңадан бой көтерген «Құлыншақ» балабақшасынан бастап, күні бүгінге дейін қызмет атқарып келеді. Осыншама уақыт бала жанының кілтін тауып келе жатқан тәрбиеші бүгінде тәжірибелі маман, ұжымында сыйлы, әрбір іс-шараның бел ортасында жүретін белсенді жан. Жұмысын жауапкершілікпен атқаратын ол мамандығын мақтан тұтатынын айтады.

- Біздің өміріміздің мәні де, сәні де, салтанаты мен махаббаты, мәртебесі де бала. Бала – біздің болашағымыз. Ол – әр шаңырақтың шаттығы, қуанышы, баға жетпес бақыты. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, алдыңдағы баламен үздіксіз жұмыс істеп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ертең еңбегіңнің нәтижесін көру де бір бақыт,-деп атап өтті балаларға деген ерекше лебізін жеткізіп.

Балабақша табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршінді өркениетті еліміздің тұтқасын ұстайтын ертеңгі ел азаматтары деп білеміз. Әр баланың бойынан оның қандай іске қабілетті, қандай өнерге бейімді екенін, икемділігін байқау балабақша тәрбиешісінің ізденісіне, байқампаздығына байланысты. Облыстық «Baby Skills» чемпионатына шәкірт баптап, жүлделі орынға ие болуы – соның дәлелі. Жылдар бойы мектепалды тобында қызмет атқарып, талай балдырғанды мектепке аттандырып, олар өз кезегінде оқуда озат атануда. Педагог-модератор санатында қызмет ете жүріп жуырда «Инклюзия жағдайында мектепке дейінгі жастағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды педагогикалық қолдау» тақырыбында біліктілікті арттыру курсынан өтті. Бала жанының бағбаны бола білген біздің кейіпкер еңбек еткен жылдарында балабақшаның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталып та жүр.

Кейіпкеріміз отбасында асыл жар,1 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана – отбасының отанасы, 3 немересіне ақ әже.

Дарынды ұл, дара азамат, талантты қоғамның бастауы да балабақша екені сөзсіз. Сол тұлғалардың дұрыс қанаттануы мен биікке өрлеуі балабақша қызметкерлеріне тікелей байланысты. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие саласы қызметкерлерінің, барша тәрбиешілердің еңбегі ерен екені сөзсіз. Өз тілшіміз

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT