Баға негізсіз өсірілмеуі тиіс!

Ауданымызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Оған таяуда ғана ұйымдастырылған мониторинг жұмысы дәлел. Аталған шараны облыстық сауда департаментінің мамандары жергілікті әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырды. Негізгі мақсат – халық тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсірмеу, нарықтағы тұрақтылықты сақтау және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын қорғау.

Бүгінде ауданда 170-ке жуық азық-түлік дүкені жұмыс істейді. Оның ішінде 40-қа жуығы көтерме саудамен айналысады. Бұл – аудан экономикасының маңызды бір бөлігі. Сондықтан бұл сауда нысандарында бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, мамандар апта сайын кемінде екі рет кәсіпкерлермен кездесіп, заң талаптарын түсіндіріп, баға тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығын еске салып отырады. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алдияр Мирамбаев:

 - Қазіргі таңда ауданда азық-түлік бағасының тұрақтылығы сақталған. Жыл басынан бері халық тарапынан ресми шағымдар тіркелмеді. Яғни ауданымызда бағаның тұрақтылығы байқалады. «Е-Өтініш» платформасы арқылы да арыз-шағымдар түскен жоқ. Дегенмен әлеуметтік желілердегі, атап айтқанда, «Telegram» чаттарда ет пен нан бағасына қатысты өтініштер мен пікірлер болды. Біз олардың барлығын тиісті орган, яғни, сауда департаментіне жолдадық. Қазіргі уақытта заң аясында қажетті жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта мұндай бақылау шараларын жиі ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз,- дейді өз сөзінде.

Жүйелі жұмыстар негізінде «Ярмарка» супермаркеттер желісінде тұрақтандыру қорынан жеткізілетін азық-түлік өнімдері халыққа ұсынылуда. Бұл – бағаны ұстап тұруға бағытталған маңызды тетіктердің бірі. Аталған өнімдер аптасына екі рет жаңартылып отырады. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бірі – нан өнімдері осы дүкендерде төмендетілген бағамен сатылуда. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда аудан бойынша азық-түлік бағасының шектен тыс өсуі тіркелмеген. Ал Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы Әмір Құбаш жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесіне тоқталды. 

– Бірнеше сауда нысанын аралап шықтық. Екі-үш дүкенге ескерту берілді. Алдағы уақытта талаптар орындалмаса, автоматты түрде айыппұл салынады. Қазір біз алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барлығы 31 әлеуметтік маңызы бар тауар позициясы бойынша ақпарат беріліп, кәсіпкерлерге талаптар жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар бұған дейін де жүргізілген. Мәселен, 2025 жылдың қыс мезгілінде де тексерулер ұйымдастырылып, нәтижесінде бірқатар кәсіпкерлерге айыппұл салынған болатын,-деді ол.

Расында өткен жылы аталған бағытта жүргізілген бақылау шараларының нәтижесінде 25 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етудегі бақылаудың маңыздылығын көрсетеді. Иә, жауапты мамандар алдағы уақытта да азық-түлік бағасына мониторинг жүргізуді күшейтуді көздеп отыр. Бұл шаралар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, нарықтағы әділ бәсекелестікті сақтауға және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған.

 Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT