Ауданда халық көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу және нарықтағы тұрақтылықты сақтау бағытындағы кешенді жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Арнайы бекітілген 31 түрлі өнім бойынша баға тұрақтылығы жауапты мамандар тарапынан жіті қадағалануда.
Бұл бағыттағы негізгі мақсат — жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын қорғау және дүкендердегі өнім қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта құрылған арнайы мониторингтік топтар аудан орталығында да, шалғай ауылдық округтерде де белсенді жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері аудан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 39 рет баға мониторингі ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда жауапты мамандар мен жұмысшы топтар бекітілген 15 негізгі ірі дүкенді тұрақты бақылауда ұстап отыр. Баға саясатын реттеу және заң бұзушылықтардың алдын алу үшін ауданда, кент пен ауылдық округтерде жауапты мамандар аптасына 2 рет тұрақты түрде тексеріс жүргізеді. Бұл шаралар тек қала орталығымен шектелмей, аудандағы барлық елді мекендерді толықтай қамтып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін қоғам белсенділері де кеңінен тартылған. Атап айтқанда, «Әділет» партиясының депутаттары мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен құралған бірлескен арнайы топ құрылды. Бұл топ мүшелері апта сайын 2 рет бірлескен рейдке шығып, азық-түлік дүкендеріндегі өнімдердің бағасын тікелей бақылайды. Олар әрбір тауардың сөредегі бағасы мен құжаттағы құнын мұқият салыстырып тексереді. Мұндай бірлескен шаралар кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттырып, бағаны негізсіз көтеру қаупін айтарлықтай төмендетеді. Сонымен қатар өзге де дүкендерге сауда саласына қатысты қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру бойынша ауқымды шаралар жүргізілуде. Мұндай кішігірім сауда нүктелерінің иелеріне заң шеңберінен шықпау және үстеме бағаны шектен тыс асырмау қажеттілігі үнемі ескертіледі. Жұмысшы топ мүшелері дүкен иелерімен тікелей тілдесіп, олардың сұрақтарына жауап береді және құқықтық кеңестер береді.
-Бағаны қолдан өсірмеудің ең тиімді жолы — кәсіпкерлермен және тауар өндірушілермен тікелей байланыс орнату болып табылады. Осы мақсатта ірі супермаркеттер мен көтерме-бөлшек сауда орындарында заң талаптарын түсіндіру шаралары үздіксіз атқарылуда. Түсіндіру жұмыстары барысында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бекітілген ережелер мен оларды бұзған жағдайда қолданылатын шаралар туралы толық ақпарат жеткізіледі. Осындай нәтижелі келіссөздердің барысында жергілікті тауар өндірушілер мен ірі сауда нысандарының иелері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын негізсіз өсірмеу туралы 14 маңызды меморандумға қол қойылды. Бұл меморандумдар нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға тікелей септігін тигізетін маңызды құжат болып табылады. Осы жүйелі де кешенді қадамдардың нәтижесінде ауданда бөлшек сауда бағасының күрт өсуіне байланысты ешқандай мәселе тіркелген жоқ. Аудан тұрғындары тарапынан да бағаның негізсіз қымбаттауына қатысты шағымдар мен арыздар түскен жоқ. Мұндай тұрақтылық жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің бірлескен тиімді жұмысының айқын дәлелі болып табылады. Дүкен сөрелеріндегі ең қажетті өнімдердің қоры жеткілікті және олардың бағасы бекітілген шектен аспайды. Жергілікті билік өкілдері бағаны бақылауда ұстау жұмыстарын алдағы уақытта да дәл осындай жоғары қарқынмен жалғастыра береді,-дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ахан Мамбетиязов.
Әрбір апта сайын жүргізілетін рейдтер мен бақылау шаралары алдағы уақытта да өз тиімділігін көрсетеді деп күтілуде. Баға мониторингі мәселесі аудан басшылығының тұрақты әрі тікелей бақылауында қала береді.
П.ҚИЗАТОВА




