Автоматтандырылған жүйе тиімділігі

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматта көрсетілуде. Бұл өз кезегінде халықтың уақытын үнемдеуге, түрлі құжаттарды алу процесін жеңілдетуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алайда ауылдық жерлерде тұратын кейбір тұрғындардың үйінде интернет желісі немесе компьютер бола бермейді. Осындай жағдайларды ескере отырып, Жем ауылдық округі әкімдігі аппараты ғимаратында тұрғындарға арналған «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» ұйымдастырылған.

Аталған қызмет көрсету бұрышы ауыл тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді алуын жеңілдетуге бағытталған. Мұнда арнайы компьютерлер, интернет желісі және қажетті бағдарламалар орнатылған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың цифрлық қызметтерді еркін пайдалануына мүмкіндік береді.

Мұнда «Электронды үкімет» веб-порталынан электронды түрде қызмет алу мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда: ЭЦҚ-ға өтініш, жеке тұлғаның жылжымайтын мүліктің болуы (болмауы) туралы, бала тууды тіркеу, бала туғанша берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыны тағайындау. Одан бөлек, жұмыссыз ретінде азаматтарды тіркеу, сотталғандығының болуы немесе болмауы туралы анықтама алу, зейнетақы аударымы жөніндегі анықтама, медициналық ұйымға тіркелу, бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақы тағайындау, қайтыс болуды тіркеу, жүктілік және босануына байланысты жұмысынан айырылу, мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау туралы басқа да ақпарат алуға болады.«E-licensing» порталы арқылы да лицензиялау саласына қатысты қызметтерді пайдалана алады. Сонымен қатар ауыл әкімдігіне «Aleumet.egov.kz» порталы арқылы әлеуметтік қызмет түрлерінде көрсетіледі.

Автоматтандырылған жүйе жұмысы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға аса қажет. Осы порталдан ЭСҚ арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар: кресло-арбаларды, сурдо-тифлотехникалық құралдары, міндетті гигиеналық құралдарды, санаторлық-курорттық емдеуді, жеке көмекшіні, протездік-ортопедиялық және басқа да көмекті ала алады.

Бұл қызмет түрлері әсіресе интернетті пайдалану мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өте қолайлы. Әсіресе егде жастағы адамдарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және цифрлық технологияларды пайдалану тәжірибесі аз тұрғындарға үлкен көмек көрсетеді. Мамандар тұрғындарға электронды қызметтерді пайдалану жолдарын түсіндіріп, қажетті жағдайда практикалық көмек көрсетеді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің көпшілігі электронды форматта ұсынылады. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан цифрландыру саясатының бір бөлігі. Мұндай жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, қызмет көрсетудің ашықтығын арттырады. Сонымен қатар азаматтардың уақытын үнемдеп, қажетті құжаттарды кез келген уақытта алуына мүмкіндік береді.

Жем ауылдық округі әкімдігі аппараты тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек. Ауыл тұрғындарын электронды мемлекеттік қызметтерді белсенді түрде пайдалануға шақырамыз.

А.Сәрсенбаева,

Жем ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-заңгері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT