Ауылды дамытуға арналған жобалар жүзеге аспақ

Ауыл тұрғындарымен жоспарлы кездесу Қара Арна ауылдық округінде де өтті. Ашық форматта ұйымдастырылған басқосудың басты мақсаты – елді мекен тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелерді тыңдап, олардың шешілу барысын талқылау және алдағы кезеңнің негізгі міндеттерін айқындау болды. Жиын барысында аудан әкімі алдымен 2022–2026 жылдар аралығында өткен есептік кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы жөнінде кеңінен есеп берді.

Аудан басшысы мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдан бері Қара Арна ауылы тұрғындарымен 10 кездесу өткен. Осы аралықта округ тұрғындары тарапынан жалпы саны 154 мәселе көтеріліп, оның 93-і толық шешімін тапқан. Ал 49 мәселе бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда 13 мәселе орындалу үстінде. Бұл жұмыстардың басым бөлігі мал шаруашылығына қажетті техникалық су жеткізу және су айналымын жақсарту бағыттарына қатысты. Кездесу барысында тұрғындар ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, электр желілерінің тозуы мен сапасын жақсарту, ауылдық амбулатория ғимаратын кеңейту, ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдардың жай-күйі және балалар ойын алаңдарының құрылысын сапалы аяқтау мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл бойынша аудан әкімі Жұмабек Қаражанов:

 – Электр желілеріне қатысты сұрақ – бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады. Біз тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық мәселелерді назардан тыс қалдырмаймыз, – деді өз сөзінде. Бұдан бөлек «Игілік» бағдарламасы аясында Теңізшевройл компаниясының қолдауымен 280 орындық жаңа балабақшаның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Аталған жоба ауылдағы мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырып, бүлдіршіндер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Ауылда биылғы жылы жол жөндеу жұмыстары мен балалар ойын алаңдарының құрылысын толық аяқтап, тұрғындардың игілігіне беру жоспарланып отыр. «Барлық атқарылып жатқан жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тұрақты бақылауда, – деді өз сөзінде.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жарықтандыру, малға арналған техникалық су жүйесін дамыту, жаңа мектеп салу және аудандық орталық ауруханадан айдың 1 және 4 күндері мамандар келіп қабылдау жүргізуі жөнінде де ұсыныстар айтылды. Бұған жауап берген аудан әкімі: 

– Мәселе назардан тыс қалмайды. Біз оларды заң талаптарына сәйкес жан-жақты зерделеп, кезең-кезеңімен шешуге міндеттіміз,-деді өз сөзінде. 

Жиын соңында аудан басшысы азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Айтылған әрбір өтініш пен ұсыныс бақылауға алынды. 

Бұл ретте ауданға қарасты ауылдық округтерде жоспарлы кездесулер жалғасып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. 

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT