Ауылда инфрақұрылым мәселесі өзекті

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов жоспарға сай Қосшағыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауылда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтылды. Кездесуге келген тұрғындар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, толғандырған мәселелеріне қатысты нақты жауап алды.

Қазіргі таңда ауыл тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелердің қатарында техникалық сумен қамтамасыз ету, электр желілерін жаңғырту, шабындық жерлердің тапшылығы және жаңа ауылдық амбулатория салу мәселелері бар. Кездесу барысында аудан әкімі аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

 – Бүгінде Қосшағыл ауылында шешімін күтіп тұрған сегіз мәселе бар. Оның ішінде жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру, Қарағай елді мекеніне электр желілерін тарту және жол салу мәселелері қамтылған. Қазіргі таңда Қарағай елді мекенінің ішкі жолдары жоқ болғанымен, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен қолға алынып жатыр.

Сонымен қатар Қосшағыл ауылында 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес, нысан биыл пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етеді деп күтілуде - деді аудан басшысы. Сонымен қатар интернет сапасын жақсарту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Құлсары қаласы аумағында қажетті байланыс мұнаралары толық орнатылып, Болашақ ықшам ауданында да тиісті телекоммуникациялық инфрақұрылым жасақталған. «Бешім ата» саябағында өткен кездесуде Қосшағыл ауылының тұрғындары ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымына қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Кездесу барысында электр энергиясының сапасы, техникалық су, жол құрылысы, экологиялық ахуал, амбулатория құрылысы және тазалық мәселелері кеңінен сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, ауылдағы ең өзекті мәселелердің бірі – электр желісі қуатының төмендігі. Кейбір көшелердегі үйлерге келетін электр кернеуі небәрі 170 вольт шамасында. Соның салдарынан тұрғындар тұрмыстық техникаларын толық пайдалана алмай отыр. Әсіресе кондиционерлер жұмыс істемейді, ал тоңазытқыштар дұрыс салқындатпағандықтан, азық-түліктің бұзылу жағдайлары да кездесіп жатқанын тұрғындар айтты.

 – Мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – халықты ауыз сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен қамтамасыз ету. Электр жарығына қатысты көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алайда бір жайтты дұрыс түсіну қажет. Мемлекет электр желісін көшеге дейін тартып, қажетті инфрақұрылымды орнатады. Ал сол желіден тұрғын үйге дейін электр желісін жүргізу – үй иесінің жауапкершілігі. Сондықтан ертең бұл жұмыстарды әкімдік толық жасап береді деген түсінік қалыптаспау керек. Осыны тұрғындарға алдын ала түсіндіріп айтқым келеді, – деді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов.

Тұрғындар көшеге жаңа трансформатор әкелінгенімен, оның әлі күнге дейін іске қосылмағанын жеткізді. Бұл мәселе бірнеше мәрте көтерілгеніне қарамастан, нақты шешімін таппағанына алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар электр бағаналарының әбден тозып, түптері шірігенін айтып, олардың қазіргі жағдайын бірнеше рет бейнежазба арқылы ауыл әкімдігіне жолдағандарын ескерткен. Ауыл халқы бұл мәселені кейінге қалдырмай, электр желісін 220 вольттық тұрақты кернеумен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.

 Кездесуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе – тұрғындар «Целевой» нысаны деп атайтын қараусыз қалған ғимараттың жай-күйі болды. Тұрғындардың айтуынша, аталған аумақты ретке келтіруге кезінде 4 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінгенімен, жұмыстар толық орындалмаған. Бүгінде аяқталмаған нысан балалардың жиналатын орнына айналып, түрлі келеңсіз жағдайларға себеп болып отыр. Жертөлесі ашық жатқандықтан, балалардың жарақат алған оқиғалары да болған. Сонымен қатар тұрғындар бұл жердің бей-берекет қоқыс пен өлген малдарды тастайтын орынға айналғанын айтып, нысанды бұзуды немесе бөлінген қаржының тиімді игерілуіне жауапкершілікпен қарауды сұрады.

Жол мәселесі де кездесу барысында назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындардың айтуынша, ауыл ішінде шамамен 600 метр жолдың құрылысы басталғанымен, жұмыстар әлі аяқталмаған. Олар мердігер мекеменің құрылысты уақытылы әрі сапалы аяқтайтынына қатысты алаңдаушылықтарын білдіріп, бюджет қаржысының тиімді әрі ашық игерілуін бақылауда ұстауды сұрады. Одан бөлек ауыл тұрғындары қоғамдық көлік қатынасын тұрақты қамтамасыз етіп отырған «БатысТехИнвест» мекемесінің басшылығына ризашылықтарын білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстардың үздіксіз жалғасуына тілектестік танытты. Кездесу барысында техникалық су мәселесі де көтерілді. Тұрғындар жаз мезгілінде ағаштар мен бау-бақшаны суару үшін техникалық суға сұраныс артқанын айтады. Алайда су қысымының төмендігі қолайсыздық туғызуда. Осыған байланысты олар техникалық су магистралін бұрынғы желі бойымен жүргізіп, су қысымын арттыруды сұрады.

Ауыл тұрғындары соңғы жылдары Қосшағылдың келбеті айтарлықтай өзгеріп, абаттандыру жұмыстары қарқын алғанын да ерекше атап өтті. Саябақтар көбейіп, жасыл желек қатары артып келеді. Бұл бағытта KMG PetroChem компаниясының қолдауымен жаңа демалыс аймағы салынған. Сонымен қатар 700-ден астам ағаш отырғызылып, жаяу жүргіншілер жолы салынған. Енді алдағы уақытта жүгіру жолақтарын салу жоспарлануда. Тұрғындар атқарылып жатқан игі істерге алғыстарын білдірді. 

Сондай-ақ кездесуде ауылдық амбулаторияның құрылысын бұрынғы орнына салу туралы ұсыныс та айтылды. Тұрғындардың пікірінше, орталықта орналасқан бұрынғы орын халық үшін әлдеқайда қолайлы әрі қолжетімді. Тазалық мәселесі де назардан тыс қалмады. "Жылыой Тазалық" мекемесінің қызметкерлері жалақының уақытылы төленбеуі олардың жұмысына кері әсерін тигізіп отырғанын жеткізді. Сонымен бірге тұрғындар ауыл тазалығына тек коммуналдық қызмет қана емес, әрбір азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін атап өтті. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындардың қоқысты белгіленбеген жерлерге тастауы табиғатқа деген жанашырлықтың әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан ауыл тазалығын сақтау – баршаға ортақ міндет екені кездесуде ерекше айтылды. 

А. Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT