Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау кезінде көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйі және инфрақұрылым мәселелері сөз болды.
Соның ішінде тұрғын үй мәселесі – жиі көтерілген тақырыптардың бірі. Азаматтар ипотекалық бағдарламаларға қатысу тәртібі, тұрғын үй кезегіне тұруға қатысты өзекті мәселелер жөнінде сауалдар қойды. Сонымен қатар абаттандыру, инженерлік инфрақұрылым, коммуналдық қызметтер мен әлеуметтік қолдау бағытындағы өтініштер де назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімі әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсіндірмелер берді. Кейбір мәселелер бойынша жауаптар қабылдау барысында берілсе, қосымша зерделеуді қажет ететін сауалдар жауапты бөлімдер мен мекемелердің қарауына жолданды. Сондай-ақ көтерілген мәселелердің орындалуын бақылауға алу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Айта кетейік, жуырда аудан әкімі Құлсары қаласы, Жаңа Қаратон кентінде сондай-ақ Жем, Қосшағыл, Қара Арна, Майкөмген және Ақкиізтоғай ауылдық округтерінде тұрғындармен ашық форматтағы кездесулер өткізген болатын.
Кездесулер барысында ауыл тұрғындары елді мекендерді дамытуға қатысты ұсыныстарын айтып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Әсіресе жолдардың жай-күйі, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық көлік қатынасы және әлеуметтік нысандардың жұмысына қатысты сауалдар көтерілді. Сонымен қатар тұрғындар ауылішілік жолдарды жөндеу, балалар ойын алаңдарын салу, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, ауыз су және электр желілеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
А.Талапкер



