Аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Е.Нұрлановтың төрағалығымен Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиынға қала, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің төрағалары қатысты.
Жиынның күн тәртібінде өңір дамуына серпін беретін үш маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы және Ақсақалдар кеңесінің атқарған жұмыстары ортаға салынды. Басқосуда жауапты бөлім басшылары есеп беріп, алдағы міндеттерді айқындады.
Мәселен, кәсіпкерлікті қолдау бағытында жыл басынан бері 350 азаматқа мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі түсіндірілген. Нәтижесінде «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы 12 кәсіпкерлік субъектісіне 628,8 млн теңге несие бөлінді. Ал ауылдық жерлерде мал шаруашылығы мен өндірісті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 22 азамат пен 2 ауыл шаруашылығы кооперативіне 2,5 пайыздық жеңілдікпен жалпы көлемі 256 млн теңге несие берілген.
Отырыс барысында ел ағалары атқарылған істерді оң бағалап, жергілікті жердегі өзекті мәселелер бойынша өз ойлары мен ұсыныстарын білдірді.
Алқалы жиын мерейлі марапатпен қорытындыланды. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, ел бірлігін бекемдеуге үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімі мен оның орынбасары атынан, сондай-ақ қала әкімдігі мен облыстық ішкі саясат басқармасы атынан Алғыс хаттар мен арнайы марапаттар салтанатты түрде табыс етілді.




