Атыраулық жастар инновациялық жобалар байқауында 300 мың теңге жеңіп алды

Атырауда жастардың инновациялық идеяларын қолдауға бағытталған «ATYRAU YOUTH HACKATHON» байқауы өтті.

Байқауға өңірдегі белсенді жастар қатысып, өздерінің жаңа жобаларын таныстырды.

 

Жобаға жастардың білімін, шығармашылық қабілетін және технологиялық дағдыларын дамытуға бағытталған JasUp жобасының қатысушылары да қатысты.

 

Байқау қорытындысы бойынша JasUp жастарының Rabbits командасы III орынға ие болды. Арсен Аманжолұлы, Парасат Сакишев және Батырхан Есенғалидан құралған команда «ЗаңGo» жобасын қазылар алқасына таныстырды.

 

«ЗаңGo» – Қазақстан заңдарын қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіруге және азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша қажетті ақпаратты жылдам табуға көмектесетін цифрлық платформа. Жоба құқықтық сауаттылықты арттырып, заңнамалық ақпаратты көпшілікке қолжетімді етуге бағытталған.

 

JasUp жобасының менеджері Асқар Алданның айтуынша, жобаның басты мақсаты – жастардың идеяларын қолдап қана қоймай, оларды нақты нәтижеге жеткізу.

 

«JasUp жобасының негізгі мақсаты – жастардың идеясын қолдап қана қоймай, оны нақты нәтижеге жеткізу. Бүгінгі жеңіс – жастарға берілген мүмкіндіктің нақты нәтижеге айналып отырғанының бір дәлелі. Біз алдағы уақытта да жастардың жаңа бастамаларын қолдап, олардың жобаларын дамытуға жағдай жасай береміз», – деді Асқар Алдан.

 

Оның айтуынша, жастардың инновациялық жобаларға қатысуы олардың тәжірибе жинақтап, жаңа технологияларды меңгеруіне және өз идеяларын нақты жобаға айналдыруына мүмкіндік береді.

 

Rabbits командасы байқаудағы III орын үшін 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

 

JasUp жобасы аясында жастардың бастамаларын қолдау, олардың әлеуетін ашу және заманауи бағыттарда жобалар әзірлеу жұмыстары жалғасып келеді. Жас қатысушылардың жетістігі олардың идеясы мен еңбегінің нақты нәтижеге айналуының бір көрінісі.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT