Атыраулық теннисшілер халықаралық турнирлерде топ жарды

Атыраулық теннисшілер Әзербайжан мен Тәжікстанда өткен халықаралық турнирлерде жүлделі орындарға ие болды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Қазан айында Әзербайжанда өткен Friendly Cup халықаралық турнирінде Айдана Нұрпейісова екі санат бойынша жеңіске жетті. Ол әйелдер арасындағы жекелей сында 5.0–5.5 санатында, ал аралас жұптық бәсекеде NTRP 9.0 санатында топ жарып, чемпион атанды.

 

Турнир TennisClub және Tennis Az ұйымдарының корттарында өтті. Айдана Нұрпейісованы марапаттау рәсіміне Әзербайжанның бірінші ракеткасы Умайра Хашимова қатысты.

 

Ал 26 қазанда Душанбеде басталған ATF 14 & U Aslomudin Open халықаралық турнирінде атыраулық жас теннисшілер де жақсы нәтиже көрсетті. Азия теннис федерациясының аясында өткен жарыстың қыздар арасындағы жұптық сынында Мұнтазбегім Бақтыбай мен Әмина Манасова финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды.

 

Қазір қос спортшы “Somon Cup” халықаралық турнирінде бақ сынап жатыр.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT