Атыраулық студенттер Назарбаев Университетінде тәжірибеден өтеді

Атырауда Назарбаев Университетінің Президенті Вакар Ахмад бастаған делегация Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне барды.

Сапар барысында білім, ғылым және инновация салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Алдымен делегация Нұрлан Балғымбаев атындағы коммуникациялар орталығын аралап, оның жұмысымен танысты. Қонақтарға орталықтың қызметі мен негізгі бағыттары таныстырылды.

 

Кейін тараптардың ресми кездесуі өтіп, екіжақты әріптестіктің перспективалары айтылды. С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова кездесудің негізгі бағыттарына тоқталды.

 

– Бүгінгі кездесуде екі негізгі бағытты айқындадық. Біріншісі - мұнай-газ саласындағы озық технологияларды дамыту, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу, өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыру. Екіншісі - білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту. Қазір университетімізде 1500-ден астам IT факультетінің студенті білім алады. Олардың Назарбаев Университетінің жетекші оқытушыларынан тәжірибе алып, зертханаларында практикалық жұмыстар жүргізуіне мүмкіндік жасау маңызды, - деді Гүлзада Шакуликова.

 

Жиында оқу орнының ғылыми-зерттеу және инновациялық жобалары таныстырылды. Сондай-ақ Қытай мұнай университеті - Бейжіңмен халықаралық әріптестік және университет жанындағы Жасанды интеллект орталығының жұмысы айтылды.

 

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, білім беру бағытындағы тәжірибе алмасуды кеңейту және алдағы ынтымақтастықтың нақты қадамдарын белгілеу мәселелерін талқылады.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT