Атыраулық кикбоксшылар әлем чемпионатында төрт жүлде жеңіп алды

Атырау облысының кикбоксшылары Италияда өткен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті.

Жерлестеріміз дүбірлі додада үш алтын және бір қола медаль жеңіп алды.

2026 жылғы 18-27 қыркүйек аралығында Италияның Лидо-ди-Езоло қаласында жастар мен юниорлар арасында кикбоксингтен әлем чемпионаты өтті. Әлемдік додаға 79 елден 2900-ға жуық спортшы қатысты.

 

Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен атыраулық спортшылар төрт жүлде иеленді. Жастар арасында Венера Беким әлем чемпионы атанса, Мария Приданова қола жүлдегер атанды.

 

Ал юниорлар арасында Асылхан Жолдасов пен Әлішер Боран қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.

 

Жаттықтырушы Мереке Рысбаевтың айтуынша, спортшылар жарысқа тыңғылықты дайындалып, ел намысын абыроймен қорғаған.

 

Осылайша, атыраулық жас спортшылар әлем чемпионатында үш алтын және бір қола медаль жеңіп алып, өңір спортының халықаралық аренадағы жетістігін еселей түсті.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT