Биыл Атырау облысында туризм саласы оң қарқынмен дамып келеді. Жыл басынан бері өңірге келген туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға өсіп, 33 мың адамға жетті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір облыста келушілерді орналастыруға арналған 140 нысан жұмыс істейді. Олардың құрамында 4 мыңнан астам қонақүй нөмірі бар. Жалпы төсек-орын қоры бір мезгілде 8 мыңға жуық қонақты қабылдауға қауқарлы.
Биылғы қаңтар–наурыз айлары аралығында осы орналастыру орындары 37 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,7%-ға жоғары көрсеткіш.
Өңірде туристік инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Жыл басынан бері орналастыру орындарының саны 6,1%-ға артқан. Осы кезеңде Атырау қаласында 6 жаңа қонақүй, ал Мақат ауданында 3 қонақүй пайдалануға берілді.




