Астанада Atyrau Creative Days аясында ашық аспан астындағы Open Air акустикалық кеші өтті.
18 қыркүйек күні «Атырау көпірі» маңындағы жағалауда өткен шараға 900-ге жуық астаналық және атыраулық тұрғын қатысты.
Кеште музыка, театр және заманауи өнер тоғысып, Атырау облысынан арнайы келген өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін ұсынды. Сахнада Атырау жастар театры, Band, Айдын Кітапқали, Абыл Табылдыұлы, Асхат Әмірғали, Kilen Hub және Jaiyq Corp өнер көрсетті.
Музыкалық шығармалар мен шығармашылық қойылымдар ұсынылған кеш еркін форматта өтіп, жағалауда ерекше мәдени атмосфера қалыптастырды. Open Air арқылы Атыраудың өнері мен креативті әлеуеті елорда жұртшылығына таныстырылды.
Алайда Atyrau Creative Days мұнымен аяқталмайды. 19–20 қыркүйек күндері Qazaq Creative Hub алаңында креативті жәрмеңке өз жұмысын жалғастырады. Бағдарлама аясында Атыраудың ұлттық өнері, заманауи мәдениеті және креативті индустрия өкілдерінің жобалары көпшілік назарына ұсынылады.



