Атырауда «Педагогикалық идеялар панорамасы - 2026» республикалық байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланды.
Нәтижесінде 7 педагог республикалық кезеңге жолдама алды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Байқау педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, шығармашылық ізденісін қолдау және білім беру саласына озық педагогикалық идеяларды енгізу мақсатында өтті. Қатысушылар өз тәжірибелері мен авторлық жобаларын ұсынып, білім беру үдерісіндегі тиімді әдістерін таныстырды.
- Өңірлік кезеңге 490 педагог өтініш берді. Оның ішінде 38 қатысушы жүлделі орындарға ие болды. Педагогтер өз жобаларын математикалық және оқу сауаттылығы, мәдениетаралық сауаттылық, цифрлық және қаржылық сауаттылық, жаратылыстану бағыттары бойынша қорғады, - деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы АО бойынша
Кәсіби даму институтының директоры Балауса Жалмұханова.
Өңірлік кезеңде қатысушылар жобаларын жазбаша жұмыс және бейнеролик түрінде ұсынды. Байқау жұмыстарын облыстың 39 сарапшысы үш кезең бойынша бағалады.
Республикалық кезеңге жолдама алған 7 педагог енді өз жобаларын ел көлемінде таныстырады.




