Атыраудан 37 мыңнан астам адам «Кітап оқитын ұлт» жобасына қосылды

Қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, «Жыл оқырманы» атану үшін бақ сынайды.

Бұл туралы облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бөлімінің басшысы Айгүл Қуаныш мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Жоба биыл 15 қыркүйекте басталды және 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Қатысушылар алты ай ішінде өз санатына сәйкес 15 кітап оқуы тиіс. Оқу тізіміне қазақ және әлем әдебиетінің классикалық шығармаларымен қатар психология, стратегиялық менеджмент, әлемдік саясат, әлеуметтану және мемлекеттік басқару салаларындағы еңбектер енгізілген.

 

Жоба сегіз санат бойынша ұйымдастырылған. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын отбасы», «Кітап оқитын зияткер» және «Парасат».

 

Өңірдегі жобалық кеңсе Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жанынан ашылды. Жобаға айтыскер ақын Нұржан Өмірбай жетекшілік етеді. Сонымен қатар сегіз бағыттың әрқайсысына үйлестірушілер тағайындалған.

 

2027 жылғы наурызда жобаның облыстық кезеңі өтіп, әр санат бойынша жеңімпаздар анықталады. Бірінші орын иегеріне 600 мың теңге, екінші орынға 450 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге сыйақы беріледі.

 

Ал республикалық кезеңде 10 қатысушы «Жыл оқырманы» атанып, әрқайсысы 10 миллион теңгеден сыйақы алады.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT