Атыраудағы орталық көпірдің қазіргі жағдайына қатысты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көпірді жөндеу немесе қайта салу мәселесі зерттеу нәтижесіне қарай шешіледі.
Бұл туралы Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары орталық көпірге зерттеу жүргізуде. Сарапшылар көпірдің техникалық жағдайын бағалап, оның әрі қарай пайдалануға жарамдылығын анықтайды.
«Зерттеу нәтижелері қыркүйек айының ішінде белгілі болады. Соған қарай көпірді жөндеу немесе қайта салу мәселесі қаралады», – деді Әсет Оразғалиев.
Орталық көпір 1965 жылы пайдалануға берілген. Алпыс жылдан астам уақыттан бері қаладағы маңызды көлік нысандарының бірі болып келе жатқан көпірдің қазіргі жағдайы арнайы зерттеу қорытындысы арқылы бағаланбақ.



