Атырау қаласында Олимпиадалық спорт түрлері бойынша спорт резервін даярлауға арналған жаңа жаттығу орталығы пайдалануға берілді. Заманауи нысан жас спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, өңірдегі спорт резервін даярлау жүйесін одан әрі күшейтуге бағытталған.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Болат Ақшолақов, спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар мен сала мамандары қатысты.
Елімізде спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынып келеді. Соңғы жылдардың өзінде Атырау облысында бірқатар спорт нысаны ел игілігіне беріліп, тұрғындардың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасалды. Жаңа жаттығу орталығы да осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы.
– Құрметті спорт ардагерлері, қадірлі спорт саласының жанкүйерлері, бүгін өңірдің спорт саласы үшін маңызды орган – олимпиадалық резерв даярлау орталығына жаңа жаттығу орталығы пайдалануға беріліп отыр. Бұл спортшыларға жасалып жатқан нақты қолдаудың нәтижесі. Спорт рухты көтеріп, жастарды тәртіпке, еңбекқорлыққа тәрбиелейтін үлкен мектеп. Біздің басты мақсатымыз – балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына қажетті жағдай жасау. Дарынды спортшыларды ерте жастан баулып, халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғайтын чемпиондар тәрбиелеу.
Жаңа жаттығу орталығы осы мақсатқа қызмет етеді деп сенеміз. Бұл кешенде спортшыларымыз жаттығып қана қоймай, өздерінің үлкен арманына бір қадам жақындай түседі. Сондықтан бұл нысан жаңа жеңістердің бастауы деп қабылдаймыз. Осы орайда спортшыларымыздың әр жеңісінің артында тұрған жаттықтырушыларға, спорт ұжымдарына, ардагерлерге және салаға қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға алғысымды айтамын. Құрметті спортшылар – жаңа мақсаттар мен жаңа жеңістер сыйласын. Туған жердің абыройын асқақтата беріңіздер. Жаңа жаттығу орталығы құтты болсын, баршамызға мықты денсаулық, қажырмас қайрат, қолайлы табыс тілеймін, — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ салтанатты іс-шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, таеквондодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұстахим Қабдрашев сөз алды.
Нысанның құрылысы 2025-2026 жылдары жүргізілді. Құрылыс жұмыстарын «Vek-Story-Com» ЖШС жүзеге асырды. Жаттығу орталығы облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық құрылыс,сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырмасы аясында бой көтерді.
Нысан 0,41 гектар аумақта орналасқан. Құрылыс ауданы – 1881 шаршы метр. Жаттығу орталығы бір мезетте 300 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда 300-ге жуық баланы спорттық секциялармен қамту көзделген.
Кешен толықтай спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда жас спортшылардың Олимпиадалық спорт түрлері бойынша дайындалуына қажетті жағдай жасалған. Атап айтқанда, орталықта бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес және таеквондодан жаттығулар өткізіледі. Сонымен қатар фитнес залдары да қарастырылған.
Салтанатты жиын барысында жаңа жаттығу орталығының символикалық кілті «Vek-Story-Com» ЖШС директорының орынбасары Жәнібек Дәулетов пен Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «Олимпиадалық резерв даярлау орталығы» КМК директоры Рашид Құлбаевқа табысталды.
Одан кейін спорт кешенінің салтанатты түрде лента қию рәсімі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, еркін және қазақ күресінен спорт шебері Бағытжан Рахиевке берілді. Бұдан соң қонақтар жаттығу орталығымен танысты.
Облыс аумағында спорт инфрақұрылымының кеңеюі балалар мен жастардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақ чемпиондарды даярлауға мүмкіндік бермек.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



