Атырауда Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына қарасты көзі көрмейтін және нашар көретін жандарға арналған арнайы кітапхана 1976 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Бүгінде мұнда 500-ге жуық оқырман бар, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кітапхана қорындағы әдебиеттер оқырмандарға үш форматта ұсынылады. Олар – нүктелі-бедерлі Брайль қарпімен басылған кітаптар, дыбыстық форматтағы аудиокітаптар және баспа түріндегі әдебиеттер.
Мәдениет ошағының негізгі мақсаты – көру қабілетінен айырылған азаматтардың білім алуына жағдай жасау, Брайль қарпін меңгерту және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Осы бағытта Брайль қарпін үйрететін үйірмелер жұмыс істеп, әдеби-танымдық және мәдени іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылады.
– Кітапхана «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында әдеби шығармаларды арнайы форматқа бейімдеп, кітап шығаруға дейінгі жұмыстарды атқарып келеді. Заманауи құрылғылардың көмегімен мәтінді дыбыстап тыңдауға, сондай-ақ көзі көрмейтін жандарға арналған кітаптарды Брайль қарпімен басып шығаруға мүмкіндік бар. Бүгінде осы форматта 30-ға жуық кітап жарық көрді, – деді кітапханашы Алуаш Жалмұхамбетова.
Кітапхана мамандары алдағы уақытта арнайы әдебиеттер қорын толықтырып, оқырмандарға көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар зағип және нашар көретін жандардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, кітап оқуға қызығушылығын дамытуға және мәдени ортаға белсенді араласуына мүмкіндік береді.




