Атырауда тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және интернеттегі қауіптердің алдын алуға бағытталған «Digital Qauipsizdik» форумы өтті.
Форумды Атырау облысы Полиция департаменті мен Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Атырау облысының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Жиын барысында интернет-алаяқтық, жеке деректердің қауіпсіздігі, цифрлық төлемдер және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара басталмас бұрын қатысушыларға Атырау облысы Полиция департаментінің арнайы техникалары таныстырылды. Келушілер қызметтік көліктер мен заманауи арнайы құрал-жабдықтардың мүмкіндіктерін көріп, құқық қорғау органдарының күнделікті қызметімен танысты. Сонымен қатар Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы арнайы көрсетілім ұйымдастырды.
Форумның ашылуында қазіргі таңда цифрлық технологиялардың адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғаны айтылды. Интернеттің мүмкіндігі артқан сайын киберқылмыс, интернет-алаяқтық, жеке мәліметтердің таралуы, жалған ақпарат және әлеуметтік желілердегі қауіптер де өзекті болып отыр. Осыған байланысты тұрғындардың цифрлық қауіпсіздік жөніндегі білімін арттырудың маңызы атап өтілді.
Жиынға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов, Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ғалым Байжанов және цифрлық қауіпсіздік пен қаржылық сауаттылық саласының мамандары қатысты.
Форум аясында арнайы спикерлік сессиялар өтіп, қатысушыларға күнделікті өмірде кездесетін цифрлық қауіптерден қорғану жолдары түсіндірілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, цифрлық қауіпсіздік мәселесін тек құқық қорғау органдары немесе IT мамандары ғана емес, интернетті пайдаланатын әр азамат білуі қажет. Себебі әлеуметтік желі, онлайн-банкинг, электронды сервистер мен түрлі цифрлық платформаларды күнделікті қолдану барысында жеке ақпараттың қауіпсіздігіне жауапкершілік әр адамның өзіне де жүктеледі.
Форум бағдарламасы ақпараттық кездесулермен ғана шектелмеді. Жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі интерактивті және арнайы көрсетілімдер ұйымдастырылды. Қатысушылар каратэ үйірмесінің спорттық қойылымын тамашалады.
Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің басты мақсаты – азаматтарды цифрлық ортадағы қауіптерден сақтандырумен қатар, интернетті қауіпсіз әрі сауатты пайдаланудың маңызын түсіндіру екенін атап өтті.



