Атырауда Ұлттық кітап күніне арналған «KitapFEST» фестивалі аясында «Түн ортасындағы кітапхана» атты балалар мюзиклі көрермен назарына ұсынылды.
Мерекелік шара барысында кішкентай өнерпаздар кітаптың құдіретін, білім мен қиял әлеміне бастар жолын сахналық қойылым арқылы көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мюзикл балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, кітап оқуға қызығушылығын арттыруды мақсат етеді.
Қойылымда жас өнерпаздар ән айтып, би билеп, түрлі кейіпкерлер образын сомдады. Шараға 100-ден аса оқушы қатысып, өңірдің мектептері рухани кеште белсенділік танытты.
Көрермен балалардың өнеріне жоғары баға беріп, қойылымды ыстық ықыласпен қабылдады.
Айта кетейік, «KitapFEST» фестивалі Атырауда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ауқымды шараның мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттап, жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттыру.
Хұсни ХАМЗА



