AI WEEK аясында Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы университетте жастардың техникалық дағдыларын дамытуға бағытталған JasUp жобасы шеңберінде робототехника бойынша практикалық воркшоп өтті.
Іс-шараны робототехника және заманауи технологиялар бағытында тәжірибесі бар маман Алдан Асқар жүргізді.
Воркшоп барысында студенттер микроконтроллерлермен жұмыс істеудің негізгі принциптерімен танысып, Arduino платформасы негізінде автоматтандырылған жүйе құрастырды. Қатысушылар теориялық біліммен шектелмей, электронды компоненттерді өз қолдарымен жинап, бағдарламалық код арқылы құрылғыларды іске қосты.
Практикалық сабақ кезінде студенттер дайын прототиптерін сынақтан өткізіп, электронды компоненттер мен бағдарламалық кодтың өзара байланысын тәжірибе жүзінде меңгерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай практикалық оқыту форматы жастардың инженерлік ойлау қабілетін жетілдіріп, технологиялық жобаларды өздігінен әзірлеуге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Воркшоп JasUp жобасы аясында жастардың заманауи технологиялар саласындағы практикалық құзыреттерін дамытуға бағытталған іс-шаралардың бірі болды.



