Атырауда «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі өтті

1 қазан – Халықаралық қариялар күніне орай «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» облыстық фестивалі өтті.

Іс-шара аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа насихаттауға арналды.

Фестивальге партия филиалының төрағасы Болат Қонарбай, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мәлік Әбілхайыров және ардагерлер қатысты.

 

Болат Қонарбай аға буын өкілдерін айтулы күнмен құттықтап, қарияларға құрмет көрсету бір күндік шарамен шектелмеуі керектігін атап өтті.

 

Фестиваль барысында ел дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев, мәдениет қайраткері Қуанышқали Кипиев және теміржол саласының ардагері Рашид Туралиев мерейтойларына орай марапатталды.

 

Сондай-ақ концерттік бағдарлама ұсынылып, тоғызқұмалақ ойыны, қолөнер шеберлік сағаты, семинар-тренинг және медициналық кеңестер ұйымдастырылды. Іс-шара соңында сайыс жеңімпаздары марапатталып, ардагерлерге мерекелік сый-сияпат табысталды.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT