Атырауда сауда саласына салынған инвестиция 15,3%-ға артты

Атырау облысында сауда саласына салынған инвестиция көлемі артып келеді.

Жыл басынан бері бұл бағытқа 4,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 15,3%-ға өскен, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Инвестицияның басым бөлігі кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен тартылған. Атап айтқанда, оның 3,6 млрд теңгесі бизнес өкілдерінің меншікті қаражатына тиесілі. Мамандардың айтуынша, бұл кәсіпкерлердің сауда нысандарын дамытуға, қызмет аясын кеңейтуге және жаңа жобаларды іске асыруға қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.

 

-Қазір өңірде сауда инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа нысандар ашуға, логистикалық қоймалар салуға және заманауи сауда форматтарын енгізуге басымдық беріліп отыр. Сауда саласына салынған инвестицияның 15,3 пайызға өсуі – кәсіпкерлердің өңір экономикасына деген сенімінің маңызды көрсеткіші, – деді Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Ризабек Мұсағалиев.

 

Сонымен қатар көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі сияқты экономиканың негізгі салаларындағы өсім сауда логистикасының дамуына ықпал етуде. Тауар айналымының артуы мен логистикалық қызметтерге сұраныстың өсуі жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT