Республика күні қарсаңында Атырау қаласындағы сауда орындары ұлттық мерекенің рухына сай безендіріліп жатыр.
Дүкендер мен сауда үйлерінде көк байрағымыз ілініп, көк және алтын түсті шарлармен сәнделген. Қоғамдық орындардағы мұндай безендіру мерекелік көңіл күй қалыптастырып қана қоймай, елдік рәміздерге деген құрметті де айшықтайды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кәсіпкер Қоныс Қалыбековтің айтуынша, ұлттық мерекені ұлықтау – тек ресми іс-шаралармен шектелмейтін, әр азамат пен кәсіп иесінің ортақ іске қосқан үлесінен көрінетін құндылық.
– Сауда орнын мерекеге сай безендіру арқылы Республика күнін атап өтуге өз үлесімізді қосқымыз келеді. Дүкенге келген әрбір тұтынушы мерекенің лебін сезініп, көтеріңкі көңіл күймен шықса дейміз. Мемлекеттік Туымызға деген құрмет әрдайым биік болып, ұлттық мерекелеріміз лайықты деңгейде аталып өте берсін, – деді ол.
Атырау облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Ризабек Мұсағалиевтің сөзінше, кәсіпкерлердің мұндай бастамалары қоғамдық ортада ұлттық мерекенің мәнін арттырып, елдік құндылықтарды күнделікті өмірде дәріптеуге жол ашады.
– Республика күні – мемлекеттілігімізді, тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды және ел бірлігін айшықтайтын маңызды мереке. Сондықтан оны ұлықтау – баршамызға ортақ міндет. Кәсіпкерлердің сауда орындарын мерекеге сай безендіруі де осы құрметтің бір көрінісі. Осындай бастамалар тұрғындардың ортақ мерекеге деген ықыласын арттырып, отансүйгіштік сезімін нығайта түседі. Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Ризабек Мұсағалиев.




