Атырау қаласына қарасты Тасқала елді мекені маңындағы «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығудың мақсаты – дала және табиғи өрттерді сөндіру кезіндегі күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын пысықтау, төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру.
Жаттығу сценарийіне сәйкес, құрғақ ауа райы мен қатты желдің салдарынан резерват аумағындағы қураған шөп тұтанып, өрттің таралу қаупі туындаған. Шартты өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері және өзге де мекемелердің күштері жұмылдырылды.
Өрттің кең аумаққа таралуына жол бермеу мақсатында «Казавиақұтқару» АҚ тікұшағы тартылып, әуеден су төгу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде шартты өрт қысқа мерзімде оқшауланып, жойылды.
Оқу-жаттығуға төтенше жағдайлар қызметі, полиция департаменті, медицина қызметкерлері, орман шаруашылығы мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардан жалпы саны 194 адам және 46 бірлік техника қатысты.
Атырау облысы ТЖД бастығының бірінші орынбасары Әбділдә Баякеевтің айтуынша, оқу-жаттығу барысында барлық күштер мен құралдардың дайындық деңгейі тексеріліп, бірлескен іс-қимылдардың тиімділігі байқалды.
– Берілген тапсырмалар толық орындалды деп есептеймін. Шартты сценарий бойынша өрт аумағы 40 гектардан 280 гектарға дейін ұлғайды деп қарастырылды. Осы жағдайда 42 негізгі мақсаттағы өрт сөндіру автокөлігі тиімді жұмыс атқарды, – деді Әбділдә Баякеев.
Оқу-жаттығу төтенше жағдай туындаған жағдайда барлық қызметтердің бірлескен әрі жедел әрекет етуге дайын екенін көрсетті.
Нұргүл Насыр



