Атырауда педагогтер қауіпсіздік мәдениеті бойынша оқудан өтуде

Өңірдегі 31 педагог қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайларға дайындықты арттыру бағытында оқытудан өтуде.

Бес күндік офлайн оқу SAQ жобасы аясында ұйымдастырылған,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Жиынға 16 мектептен екі педагогтан қатысуда. Бағдарлама барысында қатысушылар SAQ әдістемесін меңгеріп, оқушыларға арналған теориялық және практикалық сабақтарды талдайды. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмдерін пысықтап, өз мектептеріне арналған қауіпсіздік жоспарларын әзірлейді.

 

Оқытуға Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары да қатысып, түрлі төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік талаптары мен іс-қимыл тәртібін түсіндіреді.

 

- Бүгінгі бағдарламаны психологиялық көмек туралы сабақтардан бастадық. Адамдарға деген көмек, буллинг тақырыптарында талқылау өтті. Кейін өрт кезіндегі эвакуацияны және адамдарға алғашқы көмек туралы практикалық сабақтарды өткіздік. Педагогтар практикалық істерді өздері де істеді,- деді “Caravan of Knowledge” корпоративтік қорының бас директоры Дарын Сайынов.

 

Жоба аясында биыл мектептерді практикалық қолдаудың жаңа тетігі енгізілмек. Қатысушы мектептердің әрқайсысы қауіпсіздікке бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін 200 мың теңгеге дейін грант ала алады. Қаражат қауіпсіздік бұрышын жабдықтауға, қажетті құрал-саймандар мен материалдар сатып алуға немесе шағын жөндеу жұмыстарына бағытталуы мүмкін.

 

SAQ жобасын «Ұлттық волонтерлік желі» және «Caravan of Knowledge» ұйымдары «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асыруда.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT