Атырауда оқушыларға әскери қызметтің қыр-сыры таныстырылды

Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде «Сармат» мамандандырылған әскери мектеп-лицейінің оқушылары үшін «Ерлік сабағы» ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, әскери қызметтің маңызын түсіндіру және Отан қорғауға деген қызығушылықты арттыру.

 

Кездесу барысында 5546 әскери бөлімінің командирі, подполковник Ернар Жантасов оқушыларға әскери бөлімнің міндеттері, әскери қызметтің ерекшеліктері және Отан қорғаушыға жүктелетін жауапкершілік туралы айтып берді.

 

– Отан қорғау – үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Әскери қызметте тәртіп, табандылық және өз ісіңе жауапкершілікпен қарау маңызды. Бүгінгі жас ұрпақ – еліміздің ертеңі. Сондықтан білім алып, жақсы қасиеттерді бойға сіңіріп, елге қызмет етуге әрдайым дайын болу қажет, – деді подполковник Ернар Жантасов.

 

Шараға Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, запастағы прапорщик Қанат Алипов та қатысып, әскери қызметтегі тәжірибесімен бөлісті. Ол жастарға әскери дәстүрдің сабақтастығы, елге қызмет етудің маңызы және патриоттық тәрбиенің рөлі жөнінде айтып өтті.

 

Кездесу барысында оқушыларға Ұлттық ұланның қару-жарақ үлгілері мен әскери техникасы көрсетілді. Әскери қызметшілер олардың ерекшеліктері мен қолданылу мақсатын түсіндіріп, сондай-ақ әскери киім нысандары мен арнайы экипировкаларын таныстырды.

 

Мұндай кездесулер жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттырып, олардың бойында отансүйгіштік, тәртіп және азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.

 

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT