Көрмеге Атырау қаласы, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарынан келген қолөнершілер қатысты. Олардың қатарында зергер Шерхан Мұхтар, қолөнер шебері Жайлау Таласов, Болат Бидуллаев, киім дизайнері Римма Шабаева және құрақшы Баян Жұмағазиева бар.
Шеберлер өз еңбектерінде ұлттық өнердің түрлі бағыттарын таныстырды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Көрмеден суреттер, киізден жасалған бұйымдар, саз балшықтан дайындалған қыш құмыралар, мал сүйегінен жасалған сәндік бұйымдар, ұлттық бас киімдер мен сөмкелерді көруге болады.
- Бүгінгі шеберлердің арасында әр бағытта еңбек етіп жүрген өнер иелері бар. Көрмеге қойылған бұйымдар арқылы ұлттық қолөнердің сан қырын танытуға мүмкіндік туды. Мұндай шаралар шеберлердің тәжірибе алмасуына және ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттауға жол ашады, - деді Облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері Дана Мақажан.
Аймақтық семинар аясындағы көрменің негізгі мақсаты - ұлттық қолөнерді дәріптеу, шеберлердің еңбегін насихаттау және дәстүрлі өнерді дамытуға қолдау көрсету.




