1 қарашадан бастап Атырауда картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат төмендетілген бағамен сатылады. Өнімдер маусымаралық кезеңде, яғни келер жылдың мамырына дейін тұрақты бағамен саудаға шығарылады.
Бұл туралы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ PR менеджері Гүлназ Кәрімжан айтты.Оның мәліметінше, өңірлік тұрақтандыру қоры аясында жергілікті төрт ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен 10 233 тонна өнім жеткізуге келісімшарт жасалған. Оның ішінде 4 765 тоннасы картоп, 5 468 тоннасы пияз, сәбіз және қырыққабат.
Өнімдер «Дина» және «Сарайшық» базарларында, «Насиха» сауда үйінде және 11 сауда павильонында сатылады. Тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 15 түрі белгіленген бағамен ұсынылуда.
Гүлназ Кәрімжанның айтуынша, нан бағасын тұрақтандыру үшін «Желаев нан өнімдері комбинаты» ЖШС-мен 3 456 тонна бірінші сұрыпты бидай ұнын жеткізу туралы келісімшарт жасалған. Қазір ұн облыс аумағына кезең-кезеңімен жеткізіліп жатыр.
Майра ЕРҒАЛИ




