Атырауда қылмыс жасарып барады

Өңірде жастар арасындағы заңдылықты нығайту мәселесі қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындалып отыр. Осы орайда облыс прокуроры Мадияр Басшыбаевтың төрағалығымен өткен заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өңірдегі құқық қорғау жүйесінің өзекті мәселелерін талқылауға арналды.

Кеңестің күн тәртібіндегі басты мәселе – «Заң мен тәртіп» жалпыұлттық идеологемасын жүзеге асыру аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың жүйелі әрі тиімді шараларын әзірлеу болды. Бұл бастама тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде білім беру мекемелері мен ата-аналардың жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Жиын барысында жасөспірімдер қылмысының өсу динамикасына жан-жақты талдау жасалды. Сараптамалық мәліметтер құқық бұзушылықтардың тек сандық көрсеткіштерімен шектелмей, олардың сапалық ерекшеліктерін, яғни жасалу себептері мен жағдайларын анықтауға бағытталды. Кеңеске қатысқан құқық қорғау органдарының, мемлекеттік құрылымдардың және білім беру мекемелерінің басшылары қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан алдын алу шараларының тиімділігіне баға беріп, оларды жетілдіру жолдарын ұсынды. Әсіресе қоғамға аса қауіп төндіретін құқық бұзушылық түрлеріне ерекше назар аударылды. Олардың қатарында жеке тұлғаға қарсы бағытталған зорлық-зомбылық әрекеттері, жыныстық тиіспеушілікке қол сұғу фактілері, топтық бұзақылық пен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу жағдайлары бар. Сонымен қатар соңғы жылдары кең етек алып келе жатқан цифрлық ортадағы қылмыстар да алаңдаушылық туғызуда. Жасөспірімдердің интернет арқылы түрлі деструктивті қауымдастықтарға тартылуы, жалған ақпараттың ықпалына түсуі – бұл бағытта жүйелі жұмыстарды қажет етеді.

Талқылау қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесінің төрағасы жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың себеп-салдарларын азайтуға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Солардың бірі – білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік режимін күшейту. Бұл ретте оқу орындарын күзету талаптарын қатаңдату, бейнебақылау жүйелерінің сапасын арттыру және дабыл түймелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету маңызды міндет ретінде белгіленді.

Екінші маңызды бағыт – ғылыми-практикалық тәсілді енгізу. Девиантты мінез-құлықтың алдын алу үшін тек әкімшілік шаралар жеткіліксіз. Сондықтан бұл мәселеге ғылыми қауымдастық пен тәжірибелі сарапшыларды тарту қажеттілігі айтылды. Заманауи зерттеулер мен әдістемелерді қолдану арқылы жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктерін ескеретін тиімді алдын алу бағдарламаларын әзірлеу көзделіп отыр.

Үшінші бағыт – әлеуметтік оңалту жұмыстары. Өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, оларды қоғамға қайта бейімдеу және толыққанды өмірге қайтару – басты міндеттердің бірі. Бұл ретте әлеуметтік қызметтердің, психологтардың және педагогтардың бірлескен жұмысы ерекше маңызға ие.

Жалпы алғанда, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу тек жедел әрекет етумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – құқық бұзушылықтарға алып келетін түпкі себептерді жою. Отбасындағы тәрбиенің әлсіреуі, әлеуметтік теңсіздік, бос уақытты тиімді ұйымдастырмау, ақпараттық қауіптердің артуы – осының барлығы жастардың теріс жолға түсуіне ықпал ететін факторлар. Облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев айтып өткеніндей, сондықтан да бұл бағыттағы жұмыс кешенді сипатқа ие болуы қажет.

Құқық қорғау органдары, білім беру жүйесі, ата-аналар және жалпы қоғам бірлесіп әрекет еткенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл кеңес – жастар саясаты мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі. Ол жалпы ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан құқықтық реформалардың тиімділігін арттыруға өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT